Қазақстандықтар төлқұжат пен жеке куәлікке ұнаған фотосын таңдай алады

Автор: Azattyq Rýhy

Халыққа қызмет көрсету орындарында жақын күндері арнайы терминал орнатылмақ

Видеодан кадр

Қазақстандықтар төлқұжат пен жеке куәлік алатын кезде өзі суретке түсіп, ең әдемі фотосын таңдай алады. «Азаматтарға арналған үкіметтің» мұндай жаңашылдығын ішкі істер министрлігі қолдап, келісім жасалыпты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.  

Соңғы уақытта төлқұжат пен жеке куәлік жасағандар құжаттағы фотоның сапасына жиі шағымданыпты. Сол себепті Халыққа қызмет көрсету орындарында жақын күндері арнайы терминал орнатылмақ.

Құрылғыда биометриялық жүйе және адамға түсінікті интерфейс бар. Соның көмегімен орталыққа келгендер өзі суретке түсіп, ең жақсысын таңдап, көші-қон қызметкерлеріне өтінім жібере алады. Бұл қызметті алғаш болып елорда тұрғындары қолданады. Мұнда 15 жаңа құрылғы орнату жоспарланған.

Былтыр екі жарым миллиондай ел азаматы жаңа төлқұжат пен жеке куәлік алыпты.

«Біз Ішкі істер министрлігімен бірігіп, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын орнатып жатырмыз. Министрлік толық қолдап отыр. Құжаттау терминалы биометриялық жүйемен және адамға түсінікті интерфейспен жарақтандырылған. Клиенттер өзі суретке түсіп, ең жақсысын таңдап, көші-қон қызметкерлеріне өтінім жібере алады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбілдин.