Ұсталған ер адамдар өз кінәсін толығымен мойындап отыр
Газ редукторын ұрлауды кәсіп еткен екі шымкенттік ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
30 ақпанда Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша, белгісіз тұлғалар үйіне тартылған көше бойында орналасқан газ құбыр жәшігінің құлпын бұзу арқылы ішіндегі 25 мың теңге тұратын газ редуктор құрылғысын ұрлап кеткен.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық) тіркеген. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер бұдан өзге төрт жәбірленушінің арызы аталған қылмыспен мағыналас болғандықтан бір іске біріктірген. Тергеу жұмыстары кезінде сақшылар оқиға орнын қарап, тексеру жүргізіп, айғақты заттарды тәркілеп, куәлерден жауап алады. Аталған мекенжайларға жақын маңдағы бейнебақылау камераларына толық қарау жүргізген. Сондай-ақ, ұрлық жасаған азаматтардың жеке басы мен тұрғылықты жері де анықталған. Содан қала аумағынан ұрлықты кәсіп еткен екі тұрғын 16 ұрланған газ редукторын сату барысында ұсталып, тиісті аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Ал осыған дейін екі азамат 4 ұрланған газ редукторын сатып үлгеріп, ақшаларын жеке қажеттілігіне жұмсағаны белгілі болды.
Ұсталған ер адамдар өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Шымкенттік екі тұрғынға сот қаулысымен екі айға “күзетпен ұстау” түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.