Сурдлимпиадада чемпион атанған Еркебұлан Қанафиннің мүгедектігі жоқ – министрлік

Автор: Әсел Оршыбекова

Ол есту қабілеті нашар спортшылар арасында өтетін Сурдлимпиаданың чемпионы атанған болатын

Фото ашық дереккөзден

Бразилияда өтіп жатқан Сурдлимпиада ойындарында жеңімпаз атанған Еркебұлан Қанафиннің орнына жарысқа өзге спортшы баруы тиіс болған. Бұл туралы Спорт және мәдениет министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәдениет және спорт министрлігі Сурдлимпиада ойындарындағы келеңсіздікке байланысты сотқа арыз-талап дайындап отыр.

«2021 жылғы сурдодзюдодан Қазақстан Республикасы чемпионатының хаттамасына сәйкес 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде есту қабілеті төмен спортшы Айдос Түгелбаев (Жамбыл облысы) чемпион болып саналады. Ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі. 2017 жылы Самсун қаласында (Түркия) өткен 23-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқан, сол сияқты 2021 жылы есту қабілеті төмен спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында (Франция) 5-орынға ие болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі №89 бұйрығына сәйкес 2022 жылғы 1-15 мамыр аралығында Кашиас-ду-Сул қаласында (Бразилия) өтетін 24-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарында дзюдодан жарыстарға қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының құрамына қабылданды», - делінген хабарламада.

Алайда Қазақстанның Ұлттық Сурдлимпиадалық комитеті Есту қабілеті нашар спортшылардың халықаралық спорт комитетіне жарысқа қатысу туралы жіберген өтінішінде спортшы Еркебұлан Қанафиннің аты-жөні көрсетілгені белгілі болды.

Ведомство ұсынған жауапта Еркебұлан Қанафиннің есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ресми жарыстарға қатыспағаны, Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының тізімінде жоқтығы, есту қабілеті бойынша мүгедектігі жоқтығы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт ұйымдарына тіркелмегендігі туралы айтылған.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің өкілдері Ойындардың ұйымдастыру комитетіне Еркебұлан Қанафиннің осы жарыстарға қатысуына жол бермеу туралы мәлімдеді. Алайда өтініш қабылданбады, өйткені ойын ережелеріне сәйкес Қазақстанның Ұлттық Сурдлимпиада комитеті ғана өтінім беруге құқылы», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік алдағы уақытта елдің имиджіне нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттерге байланысты сотқа талап арыз дайындау үстінде.

Айта кетейік, бүгін ғана 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық дзюдошы Еркебұлан Қанафин алтын медальді жеңіп алғаны туралы сүйінші хабар тарады. Алайда көп ұзамай оның мүгедек спортшылардың тізімінде жоқ екені белгілі болды.