Сенат референдумда дауыс беруге байланысты заң жобасын талқылады

Автор: Әсел Оршыбекова

1995 жылы қабылданған  Конституциялық заңға осы жылдарда өзгеріс енгізілген жоқ

Фото: senate.parlam.kz

Бүгін Сенат «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Парламент депутаттары ұсынып отырған жоба Қазақстан Республикасы «Құқықтық актілер» туралы Заңының 24-бабы 3-тармағына сәйкес заң терминологиясы, заң техникасына байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен республикалық референдумды өткізу кезінде пайдаланылатын бюллетень нысандарын сайлауда қолданылатын сайлау бюллетеньдерімен біріздендіру мақсатында әзірленді. Осы ретте бірқатар түзету қарастырылған.

«Біріншіден, қазіргі «Сайлау туралы» заңға сәйкес, дауыс беру бюллетенінде келіспейтін нұсқа «сызып тасталмайды», сайлаушы өз таңдауын «белгілейді». Яғни, «сызып тастау» деген сөз тіркесін «белгілеу» деген сөзбен ауыстыру ұсынылады. Бұл – 28-баптың 1 және 2-тармағына енгізілетін өзгерістер. Екінші өзгеріс – референдумда дауыс беруге байланысты 29-бапты нақтылау мақсатында екінші абзацпен толықтырылу ұсынылады. Референдумға қатысушы дауыс берген кезде өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос торға кез келген белгіні қояды. Бұл норма да сайлауда қолданысқа ие», - деді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Түзетулер заң техникасы деп қарастырылғанымен, республикалық референдум өткізу кезінде дауыс беру, дауыстарды санау, қорытындысын шығару процесінде нақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды болмақ.

Айта кететін жайт, 1995 жылы қабылданған  Конституциялық заңға осы жылдарда өзгерістер енгізілген жоқ.

Осылайша, Сенат енгізген түзетулерді Мәжіліске жіберу туралы қаулыға дауыс беріліп, нәтижесінде құжат төменгі палатаға жіберілді.