Тұрғын саны 200 адамнан аз ауылдарға интернет қолжетімсіз болып қала бермек
Елімізде мұндай екі мыңға жуық ауыл бар
Бүгін Мәжіліс қабырғасында депутаттар елдегі ауыл-аймақтарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін тағы да көтерді.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен 6 мыңға жуық елдімекенге интернет желісі қашан және қалай тартылатынын сұрады.
Өз кезегінде Цифрлық даму министрі кей аймақтар жыл соңына дейін толыққанды интернетпен қамтамасыз етілетінін жеткізді. Алайда, тұрғын саны аз ауылдарда жағдай әзірге өзгермейтіні белгілі болды.
«Бізде тұрғын саны 200 адамнан аз екі мыңға жуық ауыл бар. Ол ауылды елдімекендерге интернет желісін жеткізу үшін 100 млрд-қа жуық қаражат керек. Біз ол ауылды аймақтарды келесі емес, бірақ алдағы жылдары спутниктік интернет жақсарған кезде оларға біртіндеп интернет қоса бастаймыз. Оларды да түсінеміз, оларға да интернет керек. Интернет желісі де су жеткізу секілді, оған да желі жүргізу керек. Қазір біз салық кодексіне тиісті өзгерістерді енгізуді ұсынып жатырмыз. Сол өзгерістер енгізілген жағдайда келесі жылы төмен орбитадағы спутиниктердің арқасында біз сол ауылды мекендерге интернет желісін беруді көздеп жатырмыз. Ал тұрғын саны 250 адамнан асатын елдімекендерді жыл соңына дейін интернетпен қамтамасыз етуге тырысамыз», -деді Бағдат Мусин.