Ол Қазақстанның бірнеше қаласын Ресейге беру керектігін жазған
Әлеуметтік желіде арандатушылық пікір білдірген Орал қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, Максим Яковченко әлеуметтік желіде арандатушылық бағыттағы жазбасын жариялаған. Бұл пікір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Аталған тұрғын Қазақстанның бірнеше қаласын Ресейге беру керектігін жазған. Сонысымен ұлтаралық араздықты туғызуға себепкер болған.
«Осы дерек бойынша БҚО полиция департаменті ҚР ҚК 174-бабына (ұлтаралық алауыздықты қоздыру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаменті барлық әлеуметтік желі қолданушыларына мұндай арандатушылыққа ермеуге, жағдайды ушықтыруға септеспеуге шақырады. Сонымен қатар мұндай арандатушылық пікірдің қылмыстық жазалауға соқтыратынын еске салады. Барлық азаматтар бір-біріне құрметпен қарап, сыйластықты сақтай білгені жөн», - деді Б.Нұрғожин.