Еліміздегі қылмыстық істер көрсеткіші 7,6 пайызға төмендеген
Қазақстанда соңғы аптада 3 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрлік ұйымдастырған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бір апта ішінде 3266 қылмыс жасалды, оның 2033-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері 6 кісі өлтіруді, 7 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 2 қарақшылық, 38 тонау және 463 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын «ізін суытпай» ашқан», - деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрлік ұйымдастырған брифингте.
Ал Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Президентке берген есебінде еліміздегі қылмыстық істер көрсеткіші 7,6 пайызға төмендегенін айтты. Соның ішінде денсаулыққа ауыр зақым келтіру, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы, бұзақылық, алаяқтық және зорлау деректері айтарлықтай азайған.
«Министр қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстарды тергеп-тексеру, кінәлілерді анықтап, жауапқа тарту, ұрланған қаруларды заңсыз айналымнан алу жұмыстары жөнінде есеп берді. Мемлекет басшысы қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен серіктестік орнату арқылы шешуге негізделген полицияның сервистік моделін енгізу барысымен танысты. Марат Ахметжанов Президентке Ішкі істер министрлігінің қызметін бюрократиядан арылту, цифрландыру және жұмыс үдерісін автоматтандыру, ішкі рәсімдерді оңтайландыру жөнінде баяндады», - деді Ш. Тұрлыбек.