Мереке аясында 3 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Елордада кезекті коммуналдық сенбілік өтті. Жаппай ағаш отырғызу аясында және Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында қалада Жаңа Достық саябағы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сенбілікке 24 мыңнан астам адам және екі мыңнан аса кәсіпорындар мен ұйымдар, сол сияқты тұрғындар, ПИК және МИБ ұжымдары, шағын және орта бизнес субъектілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты. Жалпы ауданы 2,7 млн шаршы метрден астам саябақтар мен гүлзарларда жинау жұмысы жүргізілді. Оның барысында үш мыңнан астам ағаш отырғызылды.
«Бүгінгі сенбілікке қатысушылардың жүздеріне мән берсек, жұрттың осындай үлкен, ауқымды іс-шараларды қаншалықты сағынғанын байқауға болады. Бұл сенбілік Қазақстан халқының бірлігін бейнелейді. Сенбілікке жастардың да қатысқаны қуантады. Олар біздің қаланы барынша таза, жасыл ету үшін өз үлестерін қосуда. Біз азаматтарымызға, жастарымызға табиғатымызға, қоршаған ортаға жанашырлықпен, ұқыпты қарау үшін экологиялық мәдениетін дарытуға тиіспіз», – деді Қазақстанның «Вайнах» шешендер мен ингуштер қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов.
Сенбілік кезінде елордалық ҚХА өкілдері Алматы ауданы әкімдігімен бірлесіп Жерұйық-2 саябағының аумағын тазалап, 500-ден астам ағаш отырғызды. Қалалық Достық үйінің жанында Жаңа Достық алаңы салынды.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚХА атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар, сондай-ақ елорда тұрғындары қатысты.
«Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бірлік күні қарсаңында қала тұрғындарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен бірге гүлзар орнатып, ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, биылғы жазғы маусымда осы саябақта волейбол және баскетбол алаңдарын, жүгіру жолын, ворк-аут аймағын, серуендеу инфрақұрылымын және демалыс аймағын салуды жоспарлап отырмыз", - деді елорда әкімі.
Сондай-ақ, қала басшысы елорда бірінші кезекте жаяу жүргіншілерге ыңғайлы болу үшін дамып келе жатқанын атап өтті. Ол үшін жылдан жылға абаттандырылған қоғамдық кеңістіктердің саны еселеп артып келеді, бұл демалыс пен серуендеуге, спортпен шұғылдануға арналған орындар құруға мүмкіндік береді.