Елордада тұрғын үйге кранның құлау оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ

Фото ашық дереккөзден

Елордада тұрғын үйдің алтыншы қабатына кранның құлау оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«28 сәуір күні сағат 15:50-де «102» арнасына Сығанақ көшесі бойындағы үйде 6-қабатта орналасқан пәтердің терезесіне автокранның жебесі құлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Есіл аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 204-бабы «Бөтен мүлікті абайсызда жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - дейді полиция департаментінен.

 Сондай-ақ, хабарламада айтылғандай тергеу амалдары барысында залалдың сомасы белгіленеді.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Сығанақ көшесінде орналасқан тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы пәтердің терезесіне автокран құлаған болатын . Өз кезегінде қала әкімдігі болған жайтқа түсінік беріп, краны көпқабатты үйге құлап кеткен мердігердің жазаланатынын хабарлады.