$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодардың жылу жүйесінің тозығы жеткен

Қалада жылумен, ыстық сумен қамтуда қиындықтар жиі туындайды

Павлодардың жылу жүйесінің тозығы жеткен
Inform.kz

Павлодар қаласының жылу желілері жыл сайын ескіруде және оларды жаңарту мақсатында жылда ұзындығы кем дегенде он бес шақырым құрайтын құбырды жаңарту керек.

Облыс орталығында жақында жылу маусымы аяқталып, гидравликалық сынақтар басталды. Қазіргі таңда қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан №2 және 3 жылу-электр орталықтарына қосылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік және бизнес нысандарда ыстық су жоқ. Бұл орайда «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері құбырдың тағы бір бөлігінің ескіргені жайлы мәлімдеді.

«Павлодар жылу желілері» компаниясының ақпаратына сәйкес, былтыр магистральдік желілердің 85%-ы, орамішілік құбырлардың 87%-ы тозған болса, биыл бұл көлем 87-88%-ға дейін жетті. Тарифтік төлемдер есебінен олардың 2,5 шақырымы ғана ауыстырылыпты.

Атап айтқанда, қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу желілерінің 140 шақырымға жуығының әбден тозығы жеткен. Оның ішінде магистральдік құбырлардың жағдайына «ПавлодарЭнерго» АҚ, орамішілік желілерге жергілікті әкімдік жауапты екенін атап өтуге болады.

Жергілікті билік пен «ПавлодарЭнерго» АҚ жалғыз акционері – Орталық Азия Электр энергетикалық корпорациясы осы түйткілдерді тарқату үшін алғаш рет меморандум жасады. Соған сәйкес жылу желілерін жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі жол картасы әзірленген.

«Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен бизнес орталықтарды жылумен қамтуға қазіргі қауқарымыз жетпейді. Сондықтан станцияларды, желілерді жаңғырту ісін уақыт оздырмай қолға алу қажет. Айталық, алдағы бес жыл аралығында барлығы 127 шақырым желіні күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар», – дейді облыс әкімінің орынбасары Олег Крук.

Сонымен қатар, жөндеу бригадаларының саны 12-ден 30-ға дейін көбеймек. Бірақ гидравликалық сынақтар мен олардың барысында анықталған ақауларды жою кезінде қалалықтар айлап ыстық сусыз отыратын "дәстүр" бар. Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов биыл бұл дәстүрдің биыл үзілетініне сендіріп отыр.

Жұмысты жылдамдату үшін жергілікті әкімдік бюджеттен тағы жарты миллиард теңге бөлді. Бұл сома гидравликалық сынақтың ақауларын жоюмен айналысатын мердігерлерге беріледі. Монополист компания жоспарлы күрделі жұмыстарын жүргізіп жатқан тұста басқа мердігер ағымдағы істерді қолға алмақ. Сол арқылы жөндеу мерзімін едәуір қысқарту көзделіп отыр. Мұндай жаңа жүйенің қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетер. Тұрғындардың басты тілегі – ала жаздай ыстық сусыз отыратын кездің келмеске кетіп, қара күзден көктемге дейін пәтерлерде бүрсең қақпауы.

Серіктес жаңалықтары