СҚО-да бірнеше ауыл радиоактивті заттармен уланған суды пайдаланып отыр
Орталықтандырылған су жүйесін тартуға не кедергі?
Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданына қарасты бірнеше ауылдың тұрғындары радиоактивті заттармен уланған құдықтағы суды тұтынуға мәжбүр. Өйткені елді мекенде шаруашылыққа пайдаланылатын тіршілік нәрінің басқа көзі жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
РАДИОАКТИВТІ ҚҰДЫҚТАР АШЫҚ ЖАТЫР
Ольгинка ауылы облыс орталығынан 240 шақырым қашықта орналасқан. Елді мекенде 280 адам тұрады. Ауылда сапасыз жол, жұмыссыздық сынды тағы басқа да проблемалар жеткілікті. Ал халық үшін ең өзектісі – сапалы ауыз су мәселесі. Маңайдағы 9 құдықтың екеуі жабық. Себебі ондағы судың құрамында радиоактивті заттар көлемі әдеттегі мөлшерден көп.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша көрсеткіш бірнеше жыл бұрын жасалған зертханалық сараптама нәтижелерімен салыстырғанда көбейіп кеткен. Құдықтар қоршалып, тұрғындарға қауіпті нысандардың маңына баруға тыйым салынды. Александр Ережепов аталған ауылда 50 жылдан астам уақыт тұрады. Радиологиялық құдықтардың бірі оның үйінің жанында орналасқан. Тұрғындар ол суды ішпейді, бірақ тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдалануға мәжбүр.
«Мамандар бізге мұндағы радиоактивті заттармен уланған суды ішуге болмайтынын айтты. Ал ауылға ең жақын құдық – 500 метр қашықтықта орналасқан. Ол жерден әсіресе қыс мезгілінде жаяу су тасудың қаншалықты қиын екенін айтпаса да түсінікті. Малға бірнеше жүз литр су қажет болуы мүмкін. Қазір ауылда қараусыз қалған құдықтар көп. Судың сапасы жыл сайын нашарлап барады. Бір орында тұрғасын су сарғаяды», - дейді Ольгинка ауылының тұрғыны Александр Ережепов.
КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНА БАРАТЫН СУ МАГИСТРАЛІНЕ ҚОСЫЛА АЛМАЙ ОТЫР
Елді мекенге орталықтандырылған су жүйесін тартуға не кедергі? Ольгинка ауылының тұрғындары бұл сұрақты аудандық әкімдік өкілдеріне жиі қоятынын айтады. Уланған суды тұтынуға тыйым салынды, бірақ балама ұсынылған жоқ. Қазір көпшілікті жалғыз құдық құтқарып тұр. Оның өзінде тіршілік көзі арнайы кестемен ғана беріледі.
«Бізде осындай 9 құдық бар. Бірақ олардың бәрін пайдалануға тыйым салынған. Қазір су ішіп жүрген құдықтан жиіркенеміз. Бірақ амал жоқ. Ауыл маңынан 300 метр жерден Көкшетау қаласына баратын су магистралі өтеді. Мыңдаған текше метр тіршілік көзі. Ал біздің билік соған қосылу үшін келіссөз жүргізе алмай отыр», - дейді Ольгинка ауылының тұрғыны Қайсаш Зәкірин.
«Біз шаруашылық мақсатта тұтынып отырған судан бірнеше рет сынама алынды. Оны тамаққа пайдалана алмаймыз. Егер олар жабылса, біз мал, бау-бақша суара алмай қаламыз. Өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Табыс көзінен айрылып қаламыз ба деген үрей бар», - дейді ауыл тұрғыны Валентина Гулинова.
Ал мектеп таза сумен ішінара қамтылған деуге болады. 3 жыл бұрын ұңғыма қазылған. 36 метр тереңдіктен тіршілік көзі шықты. Краннан таза су ағып тұр. Бірақ су жеткілікті мөлшерде шықпайды.
«Екінші қабатқа, дәретханаға, асханаға су өткізді. Шағын орталықта да бар. Бірақ су қоры өте аз. Жазда мектеп жанындағы бақшаға да жетпейді. Орталықтандырылған су болғанға не жетсін», - дейді мектеп директоры Әлібек Зәбенов.
ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАР ЕМЕС
Көршілес Сухорабовка ауылындағы жағдай да осы. Мұнда халық саны 3 есе көп. Тұрғындар өз ауласынан қазып алған құдықпен жан сақтап отыр. Оның да суы аз. Елді мекен халқы радиоактивті көрсеткіштер асып кеткен құдықтардың кейбірі жабылып қалғанын айтты.
«Сухорабовкада 10 құдық болды. Біз алтауын жауып қойдық. Қалғанын олай ете алмаймыз. Себебі халық мүлде сусыз қалады. Бұл проблема туралы басшылықтың бәрі біледі. Екі ауылға су жеткізу мүмкіндігі бар. «Казводхоз» жобалық-сметалық құжаттарды әзірлейді. Біздің ауылдан 12-14 шақырым жерден өтетін құбыр бар. Соған қосылуға болар еді. 2014 жылы жобаға қол қойылды. 2017 жылы бұл процедура қайталанды. 2019 жылы да солай. Бірақ проблема бір орыннан жылжыған жоқ», - дейді Сухорабовка ауылдық округінің әкімі Антонина Марченко.
Шал ақын аудандық әкімдігінің өкілдері елді мекендерде сапалы су қашан пайда болады деген сұраққа нақты жауап бере алмады. Айтуларынша орталықтандырылған құбыр өткізуге болады. Бірақ әзірге мүмкіндік жоқ.
«2019 жылы жоба әзірленді. Ол су ресурстары комитетінің қарауында жатыр. Онда біздің ауданымызда 2 мың тұрғыны бар 5 ауыл қамтылды. Бірақ сараптама жасалған жоқ. Су ресурстары комитеті тиісті қаржы жоқ екенін жеткізді», - дейді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Саят Омаров.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті бұл мәселені шешу үшін бюджеттік өтінімдер Қаржы министрлігіне бірнеше рет берілгенін, бірақ қаражат жеткіліксіздігіне байланысты ақша қарастырылмағанын хабарлады.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде бұл су көздері 12 жылдан бері бақылауда. Ондағы тіршілік нәрі шынымен барлық нормаларға сәйкес келмейді.
«Бізде жер асты және жер үсті суларының радиациялық көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі. Осы мониторинг барысында Ольгинка және Сухорабовка ауылдарында радиациялық қауіпсіздік коэффициенті 1-ден асатын қоғамдық ұңғымалар мен құдықтар анықталды. Ол су адам денсаулығына қауіпті», - дейді СҚО Санитарлық қадағалау депатраментінің бөлім басшысы Гүлнәр Жақсылықова.
Бірнеше жыл бойы судан таршылық көріп отырған тұрғындар балаларының денсаулығына алаңдап отыр. Дегенмен құзырлы органдар түйіткілді мәселенің түйінін табатынына әлі де үмітті.