Барлық процесс otbasybank.kz порталында онлайн жүзеге асырылады
Мемлекет тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Осылайша, 18 сәуір күні біз жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кеттік. Алайда, бұған дейін бағдарламаны 2022 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған болатын. Сонымен, аталған бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлеуді көздейді», деді ҚР ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев.
Бағдарламаның операторы — "Отбасы банкі".
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда елімізде 590 мыңға жуық кезекте тұрған азаматтар бар, олардың 210 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады. Олардың ішінде, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық қазақстандық бар. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді.
Көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға ие бола алады.
Халыққа ыңғайлы болу үшін өтінімдерді қабылдау бойынша цифрлық платформа іске қосылды. Барлық процесс otbasybank.kz порталында онлайн жүзеге асырылады.