Енді полиция қызметкерлері планшеттері арқылы жүргізуші туралы бар мәліметті көре алады
Ішкі істер министрінің тапсырмасымен “Қорғау – Қауіпті жүргізуші” мобильді қосымшасы әзірленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қосымшада “Сергек” бейнекамералары, ІІМ-нің Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктіріледі. Полиция қызметкерлері планшеттері арқылы жүргізушінің қазіргі орны туралы мәліметті көре алады. Оның ішінде:
– көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілер;
– техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандыру полисінсіз көлік жүргізгендер;
– оларды ұстау қажеттілігі туралы ақпарат түскен жүргізушілер;
– 10 минут ішінде екі немесе одан да көп жол ережесін бұзғандар туралы мәліметтер бар.
Полиция қызметкері “қауіпті жүргізуші” туралы ақпаратты алып, апаттың алдын алу шараларын қабылдайды.
Шымкент қаласында аталған қосымша арқылы жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Бір күннің ішінде мегаполисте екі мыңнан астам жол ережесін бұзған 95 автокөлік ұсталды, олардың арасында жалған мемлекеттік нөмірі бар 36 автокөлік, сақтандыру полисі жоқ 51 шетелдік автокөлік, 107 рет жол ережесін бұзған, 3 млн. теңгеден астам айыппұл салынған үш автокөлік анықталды.
Осындай шаралар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүзеге асуда. Бір күнде бұл қалаларда 45 автокөлік арнайы тұраққа қойылды, оның 22-сінде жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері болған.
“Бұл іс-шаралар жол ережесін тиімді бақылауға, жазаны бұлтартпау қағидатын сақтауға арналған. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін және олардың мүлкін сақтау”, – деп атап өтті ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Сондай-ақ, ол мұндай тәжірибенің жуырда еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылатынын жеткізді.