Елордада қарды уақытылы тазаламағандарға 5 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басталғалы 200-ге жуық құқықбұзушылық тіркелген

Фото: Astana.gov.kz

2020 жыл басталғалы қарды уақытында тазаламаған 172 құқықбұзушылық тіркеліп, нәтижесінде кінәлілерге 4,98 млн теңгенің айыппұлы салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елорданың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері күн сайын қаладағы қар тазалау жұмыстарын қадағалайды. Жыл басынан бері қарды уақытында тазаламағаны үшін 172 құқықбұзушы жауапқа тартылып, оларға 4 млн 985 мың 985 теңге айыппұл салынды», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, қар тазалау жұмыстарын дұрыс және уақытында атқармаған, сол сияқты ісіне салғырт қараған 26 ПИК, ЖШС ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 954 мың теңге айыппұл салынды. 

«Сонымен қатар 2020 жыл басталғалы 30 астаналық мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 2 млн 315 мың 290 теңгенің айыппұлы салынды», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Абаттандыру ережелеріне сәйкес, шағын және орта кәсіпкерлер мен ғимараттарды жалға алушылар өздеріне тиесілі аумақтардың қарын уақытылы тазартуы тиіс. Дегенмен, оған салғырт қарайтындар да бар. Жыл басынан елордада 87 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жауапкершілікке тартылып, оларға 788 мың 850 теңгенің айыппұлын төлеу міндеттелді. Сонымен қатар қарды белгіленбеген жерге төккен 29 ауыр жүк көлігінің жүргізшілері 927 мың 850 теңге төлеуі тиіс.