Елордадағы театрдың бұрынғы басшысы 400 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

Фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласындағы Максим Горький атындағы мемлекеттік драма театрының жөндеу жұмыстарына бөлінген 574 миллион теңгенің 400 миллионы ұрланған болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап.

«Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бұрынғы директоры мен тағы бірнеше адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар жалған актілерге қол қою арқылы театр ғимаратының толық жөндеу жұмыстарына бөлінген 574 миллион теңгенің 400 миллионын жымқырды деген күдікке ілінді», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.

Олардың айтуынша, актілерге қол қойылып, ақша аударылған, ал жұмыс тек қағаз жүзінде орындалған.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Айыпталушыларға қатысты соңғы шешімді сот шығарады.