13 өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Тек республиканың солтүстігінде күн ашық болады

фото: rostof.ru

Қазгидромет 24 сәуірге арналған ауа райы болжамын жариялады. Қазақстанның басым бөлігінде жауын, ал шығысында жауын қарға ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Республика бойынша найзағай ойнап, жел күшейеді, батыста – тұман, оңтүстікте – дауыл тұрады.

Ақмола, Павлодар облыстарының оңтүстігінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Алматы облысының басым бөлігінде найзағай жарқылдайды, таулы, тау бөктерлі аудандарында бұршақ жауып,  дауыл соғады.  Алакөл көлдері маңында екпіні 27 м/с жел соғады.

Түркістан облысының басым бөлігінде найзағай ойнайды, дауыл соғады, таулы аудандарында бұршақ, ал солтүстігі, батысы, таулы және тау бөктерлі аудандарында желдің екпін 17-22 м/с жетеді.

Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі, солтүстік-шығысында тұман түседі. Түнде Атырау облысының шығысы мен орталығында найзағай, түнде және таңертең тұман күтіледі. Ақтөбе облысының шығысында желдің екпіні 15-20 м/с күшейеді, дауыл соғады.

Қостанай облысының оңтүстігінде найзағай ойнайды, желдің екпіні 23 м/с жетеді, солтүстігінде тұман болады. Қарағанды облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында найзағай, түнде батысы мен орталығында кей уақыттарда екпіні 23 м/с жел соғады.

Шығыс Қазақстан облысының солтүстік жартысында, оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде желдің екпіні 25 м/с жетеді.  Қызылорда, Жамбыл облыстарында жауын, найзағай, бұршақ, дауыл соғып, желдің жылдамдығы 23-28 м/с жетуі ықтимал.

Тегтер: