Апелляциялық отырыс 24 қаңтарда өтеді
23 қаңтарда Алматы қалалық сотында азаматтық белсенділер Әлнұр Ильяшев, Марат Тұрымбетов пен Санавар Закированың Алматы қаласының Жетісу аудандық сотының шешіміне түсірген шағымы бойынша апелляциялық отырыс өтуі керек болған. Дегенмен, жауапкерлер мен оларды қолдаушы топ жоспарланған процеске кедергі келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, қыркүйекте іскерлік беделін қорғаған «Nur Оtan» партиясы жалған ақпарат таратқан белсенділерді сотқа берген еді. Сотқа арыз беруге белсенділердің жаңа партия құруына «Nur Оtan» партиясының кедергі келтіргені туралы жазбасы әсер етті. Кейінірек «Nur Оtan» партиясының тағы төрт мүшесі белсенділерді сотқа берген болатын. 2019 жылдың 18 қарашасында Алматы қаласы Жетісу аудандық соты белсенділерді әлеуметтік желідегі парақшасында жалған ақпаратты жоққа шығаруға міндеттеді. Ал «Nur Otan» партиясы мүшелерінің арызы бойынша сот моральдық шығын ретінде олардың әрқайсысына 1,5 млн теңге төлеу туралы шешім шығарды.