Ұлттық музейде Қарулы күштердің 30 жылдығына арналған көрме ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Көрме аясында «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері. 1991-2001: құжаттар мен материалдар» жинағының тұсаукесері өтті

фото: ҚР Қорғаныс министрлігінен

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қарулы күштердің 30 жылдығына арналған көрме ашылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қуатты армия – қуатты Қазақстан» көрмесін Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Ұлттық музеймен және Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатымен бірлесіп ұйымдастырды.

Келушілердің назарына Қазақстан армиясының құрылу және қалыптасу тарихына, Қарулы күштер әскер түрлері мен тектеріне, бітімгершілік миссиясына, әскери білім мен армия спортына арналған жәдігерлер ұсынылды. Отандық заманауи әскери техниканың үлгілері, киім және әскери жабдықтардың түрлері ерекше назар аударуға тұрарлық.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру және бірінші қорғаныс министрін тағайындау туралы Жарлыққа қол қою сәтіне арналған инсталляция өнері орталықтың басты жәдігері болды.

«Тарихи тұрғыдан қарағанда аз ғана уақытта кез-келген жағдайда іс-қимыл жасауға әзір мобильді, заманауи армия құрылды. Көрмені ұйымдастыра отырып, алдымызға ұлттық сана-сезімді, азаматтықты және патриотизмді қалыптастыруға ықпал ету мақсатын қойдық», – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.