Ақмола облысында мәдениет басқармасының басшыларының бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қылмыстық іс-әрекетке мекемелердің ондаған қызметкерлері, мекеме басшыларының туыстары тартылған

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысының мәдениет басқармасы бөлімшелері басшыларының бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Бұл туралы Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, «Қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесі» КММ директоры, оның орынбасары, «Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы» КММ директоры, Орталық қалалық балалар-жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісіне 2018-2021 жылдары бюджет қаражатын жымқырған деген күдік келтіріліп отыр. Қылмыстық іс-әрекетке мекемелердің ондаған қызметкерлері, мекеме басшыларының туыстары тартылған. Олар қағаз жүзінде жұмысқа орналастырылып, ай сайын жұмыс істемей жалақы алып отырған, іссапарларға жіберілген, сыйақы алған.

«Жалақы мен басқа да төлемдер, іссапарлар мен сыйақы, жалған өтініштер, бұйрықтар негізінде басшылықтың және басқа да қызметкерлердің карточкасына аударылып отырған. 2021 жылдың 16 шілдесінде сот үкімімен «жоқ адамдарды» жұмысқа орналастыру арқылы бюджет қаражатын жымқырғаны үшін «Қалалық ақпараттық-кітапхана жүйесі» КММ директоры мен оның орынбасары сотталып, жұмыстан босатылды», - делінген хабарламада.