Шымкентте полиция бөлімінің бастығы қамауға алынды
Оған «өзінше билік етті» деген айып тағылған
Бүгін Шымкент қалалық полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Түркістан облысындағы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығын ұстады. Ол «өзінше билік етті» деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында отыр.
«ҚР ҚК-нің 389-бабы «өзінше билік ету» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Түлкібас аудандық полиция бөлімі бастығының Шымкенттегі автосалондардың бірінен көлікті заңсыз айдап кеткені туралы ақпарат тараған еді. Полиция подполковнигінің «GCA-Оңтүстік» ЖШС-не қарасты автосалоннан «Киа Саренто» көлігін өз бетімен мініп кеткені айтылған болатын.