Ақмола облысында 8 жасар қызды ит талап тастады

Автор: Azattyq Rýhy

Ит иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылып отыр

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысында ит талаған 8 жасар қыз бала түрлі дене жарақатымен ауруханаға жүгінді. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, оқиға 21 сәуір күні Зеренді ауданының Шағалалы ауылында болған. Полиция бөліміне 33 жастағы әйел хабарласып, шығыс еуропалық тұқымды иттің иесіне шара қолдануды сұраған.

«Әйелдің сөзінше, сағат 19:30 шамасында көршінің иті көшеде жүрген 8 жасар қызына шабуылдаған. Қызды ит аузынан әжесі аман алып қалады. Басы мен кеуде тұсынан жарақаттанған бала медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлер көмек көрсеткен соң үйіне жіберілді» , - деді полицияның баспасөз қызметі.

 Иесі иттің байлаулы тұрғанын, алайда өздері жоқта шынжырдан босап кеткенін айтқан.

«Ауыл тұрғынына қатысты полиция қызметкерлері 407-2-баптың 1-бөлігінің 4-тармағы (үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қарастырылып отыр» , - деп толықтырды баспасөз қызметіндегілер.