Уылдырықтар дернәсілдік кезеңге дейін инкубаторларға орналастырылады
Атырауда салмағы 190 килограм болатын бекіре тұқымдас қорытпа балығынан 35 келі уылдырық алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балық шаруашылығы су айдындарының балық ресурстарын жасанды түрде молайту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырып келеді.
Осы жылы балық өсіру маусымы басталғалы бері «Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК жасанды өсімін молайту мақсатында бекіре балық түрлерінің 55 данасын аулаған.
«Мәселен, 2022 жылғы 21 сәуірде бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіру мақсатында тірі кезінде осы жылдың 19 сәуірінде Жайық өзенінен ауланған, салмағы 190 кг аналық қортпадан 35 кг уылдырық алынды.
Ұрықтанған уылдырықтар дернәсілдік кезеңге дейін инкубаторларға орналастырылады. Содан кейін олар бассейндерде жетіліп, өсіру тоғандарына ауыстырылады. Өсірілген жас бекіре тұқымдас қортпа шабақтары биылғы шілде-тамыз айларында табиғи ортаға жіберіледі», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта аналық қортпаның жағдайы қанағаттанарлық. Жерсіндіру нәтижесіне қарай аналық балықты шабақтарды көбейту мақсатында тоғандарда өсіріледі. Ал жасанды жағдайда ұстау мүмкін болмаса, Каспий теңізіне жіберіледі.
Оқи отырыңыз: Атырауда салмағы 200 келі болатын алып балық ауланды
Айта кетейік, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің балық өсіру кәсіпорындары жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде балық шаруашылығы су айдындарының балық ресурстарын жасанды түрде молайту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
Жалпы биыл табиғи мекендеу ортасына бағалы балық түрлерінің 93,1 млн дана шабағын, оның ішінде 7,5 млн дана бекіре шабақтарын шығару жоспарланған.