«Қазақстан халқына» қоры қаңтарда қаза тапқан 13 азаматтың отбасына төлем жіберді

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың жазатайым құрбан екенін құзырлы органдар растады

Фото: ТАСС

«Қазақстан халқына» қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен азаматтарға ақшалай төлемдерді аударуды жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан халқына» қорының мәліметінше, бүгінде қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен азаматтардың нақтыланған тізімі келіп түскен.

«Қайтыс болған 13 азаматтың отбасы мүшелеріне Қор ақшалай төлемдер жіберді, олардың жазатайым құрбан екенін құзырлы орган растады», - делінген Қор хабарламасында.

Сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған 2 баланың ата-анасына ақшалай төлемдер жіберілді.  Бір бала оқ жауған көлікте отбасымен бірге, ал екінші бала оқ атылған көлікте әкесімен бірге болған. Төлемдер зардап шеккен балалар туралы мәліметтер түскеннен кейін жүргізілді.

«Бұл санаттағы жәбірленушілерге жолданған жалпы төлем сомасы 97 млн ​​теңгені құрады.

Қаза тапқандардың отбасыларына 7 миллион теңгеден, ауыр жарақат алған балалардың туыстарына 3 миллион теңгеден төленді», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Қамқоршылық кеңестің шешімімен қаңтар оқиғасының кездейсоқ құрбаны болған  барлық қаза тапқан азаматтардың отбасыларына құзырлы органдардан тізімдері нақтыланғаннан кейін  төленетін болады.