Демалыс күндері елімізде күн суытады

Автор: Әсел Оршыбекова

Солтүстік өңірлерде жауын-шашын тоқтап, өзге аймақтарда жаңбыр басталуы мүмкін

 

Синоптиктер 23-25 сәуір аралығында елімізде ауа райы қандай болатынына қатысты болжам жасады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» мәліметінше республика бойынша жауын-шашын тоқтағанымен, күн суытады.

«Алдағы күндері еліміздің солтүстік өңірлері солтүстік-батыс антициклонның ықпалында болады, бұл жауын-шашынның тоқтауына, түнгі ауа температурасының 5-10 аязға дейін төмендеуіне әкеледі. Ал циклонның Жерорта теңізі аймағынан ығысуына байланысты республиканың қалған аумағында жаңбыр жауады, тіптен кей аймақта қатты жаңбыр болады», - делінген ақпаратта.

Еліміздің шығысы мен орталығында жаңбыр жауып, ылғалды қар түрінде тұман түсіп, көктайғақ болады.

Республиканың оңтүстігінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, қатты жел соғады.

Демалыс кұндерінің соңына қарай елдің басым бөлігінде (оңтүстік өңірлерді қоспағанда), соның ішінде солтүстікте 10-18 градусқа дейін, ал батыста 20-25 градусқа дейін күндізгі ауа температурасы біртіндеп көтерілуі мүмкін.