Қорғаныс министрлігі 17 млн теңгеге алтын жалатылған төсбелгі соқтырмақ

Автор: Ая Өміртай

Қорғаныс министрі әскери шерудің орнына маңызды шаралар атқарылатынын мәлімдеді

 

Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр күніне орай Қазақстанда әскери парад өтпейді. Есесіне Қарулы күштердің 30 жылдығына орай Қорғаныс министрлігі алтын жалатылған 5 мың дана естелік белгіні 17 млн 597 мың теңгеге соқтырмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілгендей, Қорғаныс министрлігінің 65235 әскери бөлімі ашық конкурс тәсілі арқылы 2 сәуір күні «KADESI» жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа отырған.

Техникалық сипаттамасында диаметрі 32 мм, алтын түстес металлдан жасалуы тиіс естелік белгінің бетіне «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 30 жыл» жазуы таңбалануы керек екені айтылған.

Сипаттамада «Алдының барлық реңкі алтын түстес, маталанған, бедерлі және мәтіні шығып тұрады, жылтыр. Белгінің жалпы саны 5000 дана, тиражы (100 данадан). Қосымша сипаттамалары: жеке барқыт қорабы, белгісі үшін кітапша» деп нақтыланған.

Шарттың күшіне енген күннен бастап 90 күн ішінде орындалуы тиіс.

Министрлік мереке қарсаңында бұдан өзге де кәдесыйларды тікелей бір көзден сатып алуды жоспарлап отыр. «EMPIRE Ltd KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлеуетті өнім жеткізуші ретінде таңдалған.

Жалпы құны 15 млн 484 мың теңге болатын екі шарт бойынша бірқатар кәдесыйға тапсырыс берілген.

Оның ішінде былғары баулы 26 сағат (біреуі 70 мың тг), қойын дәптер (20 мың тг), 10 фарфор шыны аяқ (біреуі 37 мың 500 тг), ұлттық нақыштағы 17 қалам (біреуі 35 мың тг), 22 дана үстел панносы (біреуі 90 мың тг), 8 сәндік қабырға сағаттар (біреуі 55 мың тг) сынды бағалы тартулар көрсетілген.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі мерекелік парад арқылы бюджет қаржысын үнемдеп, есесіне Қазақстан Қарулы күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігіне қолдау көрсету, мемлекеттік және әскери нысандарды күзету мен қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға басымдық беретінін хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов шеру өткізуге шамамен 4 млрд теңгеден астам қаржы кететінін, сондықтан қаражатты парадтан гөрі маңызды міндеттерге жұмсау орынды болатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды Жоғарғы Бас қолбасшы айқындап берді. Бәрін жүзеге асыру және бюджеттен қаражат сұрау – бәрін шығын. Мәселен, жанар-жағармай материалдары, іссапар шығындары, жеке құрамның тамақтануы бар. Жақында ғана оқу-жаттығуды аяқтадық. Мұнда бізге қайсысы маңызды – оқу-жаттығу өткізіп, жауынгерлік әзірлігімізді тексеру ме әлде шеру жасау ма? Бұл ретте біз Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларын іске асыруды ескеріп, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығымен айналысқан орынды деп санаймыз», - деді Қорғаныс министрі Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, шеру Қарулы Күштердің 30 жылдығына жоспарланған. Десе де атқарушы билік органдары тарапынан алдағы мереке күндеріне жоспарланған іс-шаралар жалғаса бермек.

«Шеру Жеңіс күніне емес, Қарулы Күштердің 30 жылдығына арналған еді. Бұл айырмашылықты салыстырып көріңіздер. Жеңіс күніне ардагерлерімізге құрмет көрсететін іс-шаралар жоспарланған. Олардың бәрі өткізіледі. Атқарушы билік органдары ардагерлерге жоспарлы түрде төлем жасайды. Біз оларға құрмет көрсетеміз және құттықтаймыз», - деп атап өтті Руслан Жақсылықов.

Су-34 жойғыш және Су-39 шабуылдаушы ұшақтар сатып алмақ

Еске сала кетелік, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі А-400М ауыр әскери-көлік ұшақтарын сатып алу жоспарлап отыр.

Сондай-ақ онда еліміздің Әуе қорғаныс күштері қазіргі заманғы 4++ буындағы Су-30СМ жойғыштармен, өз тобында үздік саналатын С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен, Zlin оқу-жаттығу ұшақтарымен, ЕС-145, Ми-171Ш тікұшақтарымен, Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтарымен толықтырылғаны айтылған. Келешекте Су-34 жойғыш-бомбалаушы, Су-39 шабуылдаушы ұшақтарын сатып алу жоспарлануда.

«Әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникалары паркі де жаңартылуда. Бүгінде С-300ПС, С-200, С-125 зениттік-зымыран кешендері, отандық «Нұр» радиолокациялық станциялары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің, оның ішінде дәлдігі жоғары қарулардың мүмкіндігін арттыру үшін 2020 жылы Бук-М2Э зениттік-зымыран кешенінің дивизионы жауынгерлік қызметке кірісті. Барлау, оның ішінде радиолокациялық барлау міндеттерін орындау, кедергілер келтіру және тәуліктің кез келген уақытында жерүсті нысаналарына дәл соққы беру үшін «Wing Long-1» екпінді-барлау, «Орлан-10Е» барлау, «Skylark – 1Lex» тактикалық ұшқышсыз ұшатын аппараттары сатып алынды. Сондай-ақ, түріктің «Anka» тектес дрондарын сатып алу мәселесі де қарастырылуда. Жалпы, әскерлерді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жарақтандыру қажеттілікке сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады», - дейді Руслан Шпекбаев.

Министрдің орынбасарының мәліметінше, Қазақстанның Қарулы күштері 30 жыл ішінде 4 мыңнан астам заманауи қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен қамтамасыз етілді.

Анықтама: Қазақстанның Қарулы Күштері – ҚР әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтитын іргелі құрылым.

1992 жылы 7 мамырда «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Қ. Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойылды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды. «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 5-тарау, 18-тармағы бойынша: Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналады.

«Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 4-бабы бойынша: Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар Әскери доктринаға және Қарулы Күштерді қолдану жоспарына сәйкес қорғаныс саласындағы міндеттерді орындайды. Егер қандай да бір зауал туған шақта мұның құрамына Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.