Ана мен бала амандығы үшін дәрігерлер әйелді шұғыл түрде кесір тілігі арқылы босандырған
Таразда салмағы 5 килограмм және бойы 62 см болатын қыз бала дүниеге келді. Дәрігерлер мұндай нәрестелерді «алып» деп атайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 19 сәуір күні сағат 09:45-те Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығының қабылдау бөліміне 29 жасар қала тұрғыны толғағы қысқан жүкті әйел келіп түскен.
«Дәрігерлердің қарап-тексеруінен кейін бірден консилиум ұйымдастырылып, онда босандыру әдісі туралы мәселе шешілді. Өйткені, шарана анасының құрсағына басымен емес, жамбас ұшымен, яғни бөксемен келгені және басқа да зерттеулерге қарағанда нәрестенің салмағы әдеттегіден үлкен екені көрініп тұрды. Бірақ бұл жағдайда қиындық тудырғаны –ұрықтың үлкен салмағы мен ананың метаболикалық синдромы», - дейді басқарма өкілдері.
Ана мен бала амандығын қамтамасыз ету үшін дәрігерлер шұғыл түрде кесір тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдайды. Соның нәтижесінде сағат 10:46-да салмағы 5000 грамм және бойы 62 см болатын қыз бала дүниеге келді.
Алып баланы дүниеге әкелген анаға хирургиялық араласу жасап, кесір тілігімен сәбиді аман-есен шығарған дәрігерлер Бағдат Нұрмахан мен қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақерке Тоқбергенованың айтуынша, үлкен салмақты нәрестенің дүниеге келуі – қалыпты жағдай. Тек мұндай кезде, көбіне, салмақ анаға түседі.
Жыл басынан бері перинаталдық орталықта 2135 бала дүниеге келсе, оның ішінде 13 нәресте 5000 граммнан салмақпен туған.