$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Елорда медицинасы пандемиядан кейін қалай қалпына келтіріледі

Кадр тапшылығын азайту және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жоспарлар қабылданбақ

Елорда медицинасы пандемиядан кейін қалай қалпына келтіріледі

COVID-19 пандемиясы күшейіп тұрғанда денсаулық сақтау жүйесі толығымен коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге және инфекцияның таралуына қарсы жұмыс істеді. Дәрігерлердің айтуынша, ел бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты барлық әлеует пен ресурстарды қалпына келтіру және жақсарту жұмыстары жүргізілуі керек, деп хабарлайды Azattyq Ruhy елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елордалық медицина COVID-19-дан кейін қалай қалпына келтірілетінін және жақын арада қалай дамитынын айтты.

«Пандемияның екі жылында медициналық қауымдастық толығымен төтенше жағдайда жұмыс істеді. Вирусты толықтай жеңе алмадық, мүмкін әлі аяқталмаған да болар. Бірақ кадрлық әлеуетті ары қарай дамытатын, барлық деңгейдегі медициналық көмектің сапасын жақсартатын, осы уақыт ішінде пайда болған олқылықтарды тоқтататын уақыт келді. Денсаулық сақтау саласында негізгі, бірақ шешілетін проблемалар бар: кадр тапшылығы және инфрақұрылымды жақсарту қажеттілігі», - дейді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Мұратовтың айтуынша, жақын арада кадр тапшылығын азайту және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жоспарлар қабылданатын болады. Бүгінгі күні қала бойынша дәрігерлермен қамтылу 80%-дан аспайды, ал тапшылық 140 дәрігерді құрайды.

Басқарма басшысы тұрғындар саны артып келе жатқанын ескере отырып, кадрларға айрықша қажеттілік бар екенін атап өтті. Бүгінде елордада бір жалпы практика дәрігеріне түсетін жүктеме 1604 адамды құрайды.

«Елордалық медицина инфрақұрылымы қазіргі жағдайға сәйкес болуы керек. Қала тұрғындары жыл сайын өсіп келеді, әрбір тұрғынға сапалы медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Пандемия кезінде біз емханалар мен ауруханалардың ғимараттарын күрделі жөндеуден немесе қайта жөндеуден өткізе алмадық. Енді осы бағытта жұмыстар жүргізіледі. 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде 20 минуттық қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ететін 40 дәрігерлік амбулатория нысаны ашылды. Биыл тағы 10 нысанды ашу жоспарланып отыр, олардың екеуі ашылды», - деді елорданың бас дәрігері.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, бүгінгі күні бір астаналық емхананың филиалы, «Достық» дәрігерлік амбулаториясы толық жөндеуден өтті, тағы 8 МСАК ұйымына ірі жөндеу және №1 қалалық емхананың ескі ғимаратын қайта жаңғырту жүріп жатыр.

Мұратов сондай-ақ, қазір елордалық клиникаларда медициналық жабдықтарды жаңғырту жүргізіліп жатқанын атап өтті. Биыл 54 техника сатып алынды, оның ішінде қаланың бес емханасына арналған компьютерлік томографтар бар.

«2022 жыл балалар жылы деп жарияланғанын назарға алдық. Енді барлық көрсеткіш бойынша балаларға арналған және босандыру қызметін жақсартатын боламыз. Елордада табиғи туу көрсеткіші жылына 30 мыңнан асады. Бұл да дер кезінде әрекет етуді талап ететін өте жоғары көрсеткіш. Балалар стационарлары мен акушерлік блоктардың жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ, 2023 жылы 250 төсекке арналған жаңа акушерлік корпус салынады. Оның жобалануы аяқталды», - деді Тимур Мұратов.

Ол қаланың жоспарында Интернациональный елді мекенінде бір ауысымда 150 адам қабылдайтын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын, Өндіріс елді мекенінде бір ауысымда 250 адам қабылдайтын жаңа амбулаториялық-емханалық кешенді салу, №3 қалалық емхананы орналастыру үшін ғимарат сатып алу рәсімі жүріп жатқанын айтты.

 

Серіктес жаңалықтары