Шығын көлемі 6 млн теңгеге бағаланды
Ақмола облысының Аршалы ауданында мемлекеттік орган ғимаратын өртемек болғандар іздестіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, сәуірдің 19-да Аршалы аудандық полиция бөліміне жергілікті атқарушы орган қызметкері хабарласып, белгісіз біреулердің сағат 03:30 шамасында әкімшілік ғимаратқа от қойғанын айтқан. Шығын көлемі 6 млн теңгеге бағаланды.
«Жедел-тергеу тобы мемлекеттік орган ғимаратында өрт болғанын анықтады. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынды. Оқиға болған жерді тексеру барысында спецификалық иісі бар литрлік шыны ыдыс пен пластикалық зат табылды», -деді ведомстводан.
Осы қылмысты жасаған немесе оған қатысы бар адамдарды анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары қолға алынды.
«Өртті Аршалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері ауыздықтады. Адамдар аман», - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.