Ал байқауда жеңіп шыққан 176 отбасыға пәтер басқа үйден берілмек, яғни олар тағы күтуі тиіс
Шымкентте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары бұған дейін дау шығарып, өздеріне тиесілі пәтерден айрылып қалғандарын айтқан болатын. Олардың сөзінше, банк өз салымшылары арасында байқау өткізіп, көпқабатты 4 үйдің пәтерлерін үлестірген. Алайда, әкімдік ол үйлердің банк салымшыларына емес, жастар мен көпбалалы аналарға берілетінін айтып, қуаныштарын су сепкендей басыпты.
Дауға айналған көпқабатты 4 үй Шымкенттегі Нұрсат шағынауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Ондағы 224 пәтердің иелерін анықтау мақсатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ былтыр 10 қазан мен 3 қараша аралығында өз салымшылары арасында байқау өткізген. Жинаған ұпайы жетіп, байқаудан жеңіп шыққандар 12-27 желтоқсан аралығында банкке барып, төлем қабылеттерін растаған. Мұнан кейін банк шарттарына сәйкес, балдық жүйемен пәтерді таңдау артықшылығына ие болып, арнайы кестені толтырады. Ал, жыл соңында банктің baspana.kz сайтында пәтерлерге ие болған салымшылардың тізімі шыққан.
Алайда, «пәтер иелерінің» қуанышы көпке созылмады. Қаңтар айының басында сатып алу туралы келісімшартты рәсімдемек болғанда аталған үйлердің басқа адамдарға берілетіні туралы хабар шыққан. Хабарландыру банктің сайтына ілініп, бірер күннен кейін қайта өшірілген. Алайда, салымшылар хабарлама мәтінін көшіріп үлгеріпті.
«Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының хатына сәйкес, пәтерлерді жас қызметкерлерге жалға беру бағдарламасының салдарынан Банк салымшылары осы нысан бойынша тұрғын үйдің әрі қарай өткізілуі мүмкін емес. Банк салымшыларына әрі қарай тұрғын үй өткізу тоқтатылады, ал берілген өтініштер жойылады», - деп жазылған аталған хабарламада.
Мұнан кейін қолдағы пәтерінен айрылған салымшылар Шымкенттегі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының алдына жиналып, басшысынан жағдайды түсіндіруді талап еткен.
«Мен осы банктен депозит ашып, 10 жыл бойы ақша жинадым. Ақшаны ай сайын бала-шағаның аузынан жырып алатынбыз. Пәтерді алу үшін әбден сабылдық. Бала-шағаның құжаттарын әкелдік, сосын «гарант» іздедік. Пәтер бағасының 50 пайызын құймасаңыз ала алмайсыз деді, несие алып 50 пайызға жеткіздім. Сосын қосымша қарыз алушысыз болмайды деді. Мен осы күнге дейін үш рет байқауға қатысып, қосымша қарыз алушы таппай, пәтерге қол жеткізе алмадым. Міне төртінші рет барлық құжатты туралап келгенде, мынадай проблема жасап берді. Кім жауап береді?» - дейді банк салымшысы Сапаркүл Бекет.
Банк филиалының директоры болса бүкіл жауапкершілікті Шымкент әкімдігіне арта салды.
«Біз қалалық әкімдікпен былтыр қыркүйекте халыққа пәтер беру жөнінде келісімшарт жасасқанбыз. Әкімдік соның аясында бізге 224 пәтер берген. Бірақ, 27 қарашада әкімдік бізге қайта хат жолдап, Президенттің тапсырмасы бойынша жастарға, көп балалы аналарға баспана береміз деді. Сөйтіп салымшыларға берілуі тиіс 224 пәтерді кері қайтарып алды. Осыған байланысты біз қала әкімінің орынбасары Ербол Садырмен кездестік. Қазір келіссөздер жүріп жатыр. Әкімдік проблеманы жақын күндері шешетінін айтып отыр. Біз өз жағымыздан барлық жұмысты істедік. Әкімдік пен салымшылар арасында келісімшарт жасалуы тиіс болатын. Жасалмады. Біз өзімізге жүктелген міндеттің бәрін орындадық. 176 адам пәтер алуы тиіс болатын. Оларға баспана әкімшілік-іскерлік орталығындағы №7-8-13-14 үйлерден берілуі керек болған. Бірақ, аталған үйлер басқа адамдарға берілетіндіктен, әкімдік баспананы сол жердегі №5-6 үйден береміз деп уәде етті. Қос үй пайдалануға осы жақын күндері беріледі, онда барлығы 112 пәтер бар», - деді ТҮҚЖБ Шымкент филиалының директоры Құдайберген Сейтмағанбетов.
Алайда, қала әкімдігі Сейтмағанбетовтің айтқанын теріске шығарып отыр. Біздің қолымызға Шымкент әкімінің орынбасары Ербол Садырдың банк басшыларына жазған хаты түсті. Онда былай жазылған:
- «Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019 жылы 23 қыркүйекте әкімдік пен ТҮҚЖБ арасында ынтымақтастық келісімшарты жасалған. Келісімшарттың 3.1.6 тармағында көп қабатты үйлерді қолданысқа берерден 3 ай бұрын банк пәтер иелерін анықтау үшін толық ақпаратты жіберуді әкімдік өз мойнына алады. Әкімдік ондай ақпаратты банкке жібермеген».
Яғни, ТҮҚЖБ Шымкент филиалы келісімшарттың жоғарыда көрсетілген тармағына сәйкес әкімдіктен көпқабатты үйлер жайлы ресми ақпарат алғаннан кейін байқау жариялау тиіс болған. Дегенмен, ол ақпаратты күтпей байқау жариялап жіберген секілді.
Сондай-ақ, Құдайберген Сейтмағанбетов өз сөзінде байқауға түскен көпқабатты үйлердің салымшыларға берілмейтінін 27 қарашада Шымкент қаласының құрылыс басқармасы жіберген хаттан білгенін айтады. Жауапты басқармадан хатты алғаннан кейін бұл жөнінде банк өз салымшыларына хабарлама жібермеген. Яғни, «Жилстройсбербанк» салымшылары 2019 жылдың соңына дейін жаңа баспанадан үмітті болып жүрген. Тіпті, жаңажылдық демалыс күндерінен кейін де пәтерлерін сұрап келген азаматтар банк менеджерлерінен нақты жауап ала алмағанын айтады. Банк басшылығының салымшылардан ол ақпаратты жасыруына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Ал, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы, алдына келген банк салымшыларына байқау өткізілген Нұрсат шағын ауданындағы 7-8-13-14 үйлер Президент тапсырмасына сай жастар мен көп балалы аналарға беріліп кеткенін жеткізген.
«Бұл үйлерді сіздерге қайтарып беруге ешқандай негіз жоқ. Әкімшілік сондай шешім қабылдады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы осы қаңтар айында барлығы 112 пәтерлі екі үйді сіздерге табыстаймыз», - деп қысқа қайырыпты ол.
Бұл мәселеге Шымкент қаласы прокуратурасының берген бағасы әкімдік тарапынан заң бұзушылық орын алмаған дегенге саяды.
«Үкіметтің 777-қаулысы шыққан. Онда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізген. Яғни, 2019 жылы жастар жылы болып белгіленгендіктен, мемлекет тарапынан бірқатар үйді жастарға сатып алу құқығынсыз жалға беруге шешім қабылданған. Сол шешімді орындау мақсатында ТҮҚЖБ өз салымшыларына берген үйлер басқаша тәртіппен жастарға берілген. Ал, салымшылар соғылып жатқан басқа үйлерден пәтер алады. Олар үйсіз қалады деу дұрыс емес, барлығы да жақын күндері баспанамен қамтылады. Бұл жерде салымшылардың конститутциялық құқықтары бұзылған жоқ», - дейді Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары Батыр Ергешов.
Ал, үйге қолы жетпеген салымшылар әділдік іздеп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымының атына хат жазды.
Арай Есенбек, Шымкент