Жамбыл облысында 200-ге жуық адам тілсіз жаудың құрбаны бола жаздады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір келтірілген шығын көлемі есептелуде

Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысында 200-ге жуық адам тілсіз жаудың құрбаны бола жаздады. Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйдің шатырынан өрт шығып, тұрғындар түн жарымда далаға қашып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 От шарпыған үйден жалпы саны 180 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 70-і - балалар. Ал өрт түнгі сағат екі шамасында тұтанған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жалынмен 4 сағатқа жуық алысып, таңғы сағат бес шамасында сөндірді. Шатырдың 720 шаршы метрі күлге айналған. Құтқарушылардың мәліметінше, пәтерлер зақымдалған жоқ. Қазір келтірілген шығын көлемі есептелуде. Ал түн ішінде далада тентіреп қалған тұрғындарға жақын маңда мектептен жатын орын әзірленіпті. Бірақ көбі от өшірілген соң таң ата үйіне оралған.    

«Болжап та ешнәрсе айта алмаймыз, қазір оқиға орнында тергеу тобы жұмыс жүргізіп жатыр, полиция департаментімен бірлесіп. Өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін», - деді  Жамбыл облысы ТЖД бастығы Ермек Момбаев.