Олар мүгедектікті кедергісіз ұзарту үшін 30-70 мың теңге аралығында пара алған
Атырау облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті басшысына және осы ведомстваның бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймақтағы департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің хабарлауынша, олар жүйелі түрде мүмкіндігі шектеулі жандардан мүгедектікті кедергісіз ұзарту үшін 30-70 мың теңге аралығында пара алған.
«Сонымен қатар, Атырау облыстық көлік бақылау инспекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар жүк тасымалымен айналысатын тұлғалардан республикалық маңызы бар жолдарда кедергісіз жүру, әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқоршылыққа алу үшін барлығы 10 млн тенгеден жоғары соммада бірнеше рет пара алған. Тергеу сотының санкциясымен күдіктілер үй қамаққа алынды», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Антикор аталған істерге қатысты өзге ақпарат жариялануға жатпайтынын да мәлімдеген.