Ақмола облысында бір үйір жылқы суға кетті
Иесі жылқыларының жоғалғанын былтыр желтоқсан айында хабарлаған
2021 жылдың желтоқсанында Ерейментау полициясы бөліміне 45 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Ер адам оның 2-8 желтоқсан аралығында еркін жайылымда жүрген 14 бас жылқысы жоғалғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шығын сомасы 7 млн 500 мың теңгені құрады. Тергеу бөлімі бұл фактіні сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «мал ұрлығы» 188-1 2б. бойынша енгізген.
Ерейментау АПБ қызметкерлері үш айдан астам уақыт бойы барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жануарлардың жоғалып кету қаупі бар аймақтағы жыралар, бос жерлер, орман алқаптары, сондай-ақ мал тасымалдаумен айналысатын автокөліктер, мал етін өткізудің ықтимал базарлары тексерілді.
«Осы жылың 12 сәуірінде «Қызыл-Ссор» көлінде суға батқан жылқылардың ұшасы табылды. Резиналы қайықты пайдалана отырып, жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлар су қоймасынан жануарлардың ұшаларын өз күштерімен шығарып алды.
Табиғаты бойынша көл жартылай тұщы, жартылай тұзды және төмен температурада толық мұздануға ұшырамайды. Малдың қыс мезгілінде мұздың жұқа қабатының астына түсіп өлгені анықталды», - делінген Ақмола облысы Полиция департаменті хабарламасында.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.