2015-2021 жылдар аралығында елімізде кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтиже көрсетіп отыр
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰЭМ деректері бойынша, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтиже көрсетіп отыр.
«ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жетті. ШОК өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналдық мәнде
29,7 трлн теңгеге жетті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъектіге жетті. ШОК-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға артып, 3,5 млн адамға жетті», - деді Т. Жақсылықов.
Бірінші вице-министр Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ШОК-ты қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шаралары ұсынылатынын атап өтті. 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау құралымен қамтылған кредиттік портфель 57%-ға артып, 3,4 трлн теңгені құрады.
2021 жылы Үкімет пандемия кезінде басталған дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруды жалғастырды. Оның ішінде экономиканың зардап шеккен секторына кредит беру; шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне барып тексеру жүргізуге үшжылдық мораторий; зардап шеккен салалардағы ШОК субъектілері кредиттерін кейінге қалдыру; салықтық жеңілдіктер бар.
Қаңтардағы тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында жедел шаралар қабылданды.
«Бүгінгі күні қаңтар оқиғаларының нәтижесінде, алдын ала деректер бойынша 1 630 ШОК субъектісі зардап шеккен. Шамамен 38,6 млрд теңгеге залал келтірілді. Бүгінгі күні 1 491 ШОК субъектісі жалпы сомасы 8,3 млрд теңгеге төлем алды», - деді Жақсылықов.
Бірінші вице-министрдің сөзінше, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру проблемаларының бірі қолайсыз реттегіш жүйе және шектен тыс әкімшілік жүктеме. Аталған проблеманы шешу үшін 2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы ҚР-да кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа Реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойды.
Бизнеске арналған талаптарды қайта қарау жұмысы екі кезеңде жүргізіледі.
2022 жылғы бірінші жартыжылдықта төрт басым салада реттеушілік талаптарды қайта қарау жоспарлануда. Бұл сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және тұру қызметі. Аталған салада ШОК субъектілерін қамту шамамен 60%-ды құрайды.
2022 жылғы екінші жартыжылдықта және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және басқа да саладағы бизнеске қойылатын талаптарды қайта қарау қамтамасыз етіледі.
«Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға мүмкіндік беріп, жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін береді», - деді Жақсылықов.