Жамбыл облысында шенеунік аудан әкімінің орнын иелену үшін 50 мың доллар бермек болған

Автор: Azattyq Rýhy

Оның телефон арқылы сөйлескен әңгімесін ұлттық бюро мамандары естіген

Фото: ашық дереууөзден

Жамбыл облысында аудан әкімінің лауазымына көз тіккен шенеуніктің басы дауға қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Меркі ауданы әкімінің орынбасары өз басшысының орнын иелену үшін 50 мың доллар бермек болған көрінеді. Оның телефон арқылы сөйлескен әңгімесін ұлттық бюро мамандары естіген. Ал Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов телефонмен айтылған әңгіме қалжың болғанын айтады. 

«Енді телефонмен кім не айтпайды? Алматыға ауысамын деген жұмыстар болған, бірақ ол жерде сатып аламын, осыншама ақша беремін деген әңгіме болған емес. Бір жерде достармен ойнап айтқан шығармын», - дейді ол.

Шенеуніктің мәселесі әдеп кеңесінде қаралды. Әдеп кеңесі Мейіржан Сүлейменовті қызметінен төмендету жөнінде ұсыныс берді. Дегенмен, орынбасарына қатысты соңғы шешімді Меркі ауданының әкімі қабылдайды.

Ұлттық бюро мамандары оны басқа күдік туғызған іс бойынша бақылауға алған. Ал оған қызмет алып беруге уәде еткен адам өңірге танымал кәсіпкер болып шықты.