Алматыда опера әншісі Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері мен әншінің туған-туыстары қатысты

фото: Алматы қ. әкімдігі

Бүгін Алматыда қазақтың күміс көмей, бұлбұл әншісі Роза Бағланова ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына биіктігі 4,8 метр қола ескерткіш орнатылды.

 Қола және граниттен жасалған ескерткіштің авторлары – мүсіншілер Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл.

Ескерткішті ашу рәсімі барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Роза Бағланованың қазақ халық музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын дамытуға және насихаттауға қосқан баға жетпес зор үлесін атап өтті.

«Біздің ұлы әншіміз Роза Бағланова музыка өнерінің шырқау биігіндегі жарық жұлдыз болды. Оның ерекше дауысы мен таланты біздің халқымыздың баға жетпес құндылығына айналды. Әншінің сүйікті қаласы – Алматыда 100 жылдық мерейтой аясында Роза Бағланованың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатқанымызға  шексіз қуаныштымын», – деді Ерболат Досаев.

Қайталанбас дауыс иесі Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Республика Сарайында «Ақмаңдайлым» мерекелік концерт өтті. Аты аңызға айналған әншінің репертуарындағы әндерді танымал қазақстандық әртістер орындады.