Ғашықтар күні: қазақстандық ерекше жұптармен сұхбат

Автор: Сағыныш Ибрагим

Бірі 60 жыл отасқан, енді бірі әлеуметтік желіде танылған жұптар өз махаббат тарихын баяндап берді

Фотоколлаж

Отасқанына 60 жыл болған қостанайлық Зәкір ата мен Сәбираш апай – отбасылық өмірде бір-біріне ауыр сөз айтпастан нәзік сезімдерін бүгінге дейін сақтай білген жұп. Қазір олар 8 перзент тәрбиелеп, немере-шөбере сүйіп отыр. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген қос қария әңгімесін отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесінің маңыздылығынан бастады. Екеуі де Қостанай облысы Амангелді ауданы Құмкешу ауылының тумасы.  

Аменгелді ауданының тұрғындары қарияларға «Қыз Жібек пен Төлеген» деп ат қойған 

«Құдай қосқан қосағыммен 8 бала тәрбиелеп өсірдік, 6 қыз, екі ұлымыз бар. Жолдасым ауыл шаруашылығы саласында экономист болып қызмет етті. Өзім 40 жылға жуық сатушы болып жұмыс істедім. Балаларымыздың бәрі жоғары білімді, қызмет істеп жүр. Арасында дәрігері де, мұғалім мен өнер адамы да бар. 

Биыл отасқанымызға 60 жыл болды. Уақыт деген жүйрік екен. Отау құрған 60 жыл ішінде шалым ешқашан қол көтеріп немесе ауыр сөз айтып көрген емес. Бәрі сыйластықтың арқасы. Мені әрдайым Сашка деп еркелетіп жүреді. Достарымыз, ауыл-аймақ бізді атымызбен атамай, Қыз Жібек пен Төлеген дейтін. Осы күнге дейін сол теңеуге лайықты болуға тырысып келдік», - дейді Сәбираш апай.

Сәбираш апайдың анасының өзі Зәкір атайға қызына көз қырын салып қоюды тапсырған екен, бірақ ол кезде күйеу баласы болатынынан бейхабар болыпты. 

«Кооперативтік колледжді бітіріп, ауылда жұмыс істеп жүрген кезім. Ол кезде болашақ жарым әскерден енді келген жігіт еді. Екеуміз бір ауылдан болғандықтан, бір-бірімізді жақсы танитынбыз. Жұмысым ақшаға тікелей байланысты болғаннан кейін анам Зәкірге «Менің қызым көбіне ақшамен жүреді, көз қырыңды салып қой» деп өтініш білдірген. Анамның өтінішінен кейін ол мені жұмыстан күтіп алып, үйге әкеліп салатын болды. Сөйтіп жүріп махаббатымыз басталды. Анам мен ұстайтын ақшаны ұрлап кетпесін деп жүргенде қызын ұрлап кетіп тұр ғой (күліп). Кейін отау құрып отбасы болдық», - дейді әжей.

Отбасы бақытының сыры – түсіністікте

Осы күнге дейін өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, кез келген мәселеде ортақ шешім қабылдап үйренген жұп қазіргі жастардың тез үйленіп, тез ажырасатынына қынжылатынын жеткізді.

«Қазіргі кезде жас отбасылардың ажырасуын көп естіп жүреміз. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деп бекер айтылмаған. Жастар отбасын құрып алып, ата-анасының еңбегін білмей, ажырасып тынады. Бұл бір-біріне сезімнің жоқтығынан емес, қиындыққа төзбей, түсінесе алмаудан деп ойлаймын. Біз отбасын құрып, сегіз баланы дүниеге әкеліп, үкіметтің жұмысын да істедік. Бәріне үлгердік. 

Махаббат –  адамның бір-біріне деген сыйластығынан, сүйіспеншілігі мен түсіністігінен туатын нәрсе. Қандай болмасын, қиындыққа шыдаммен қарау керек. Ер адам – үйдің тірегі, асыраушысы. Соны түсінген әйел, өзін бір саты төмен қойып, жарына сүйеу бола білуі керек», - дейді Зәкір ата.

Сәбираш апай жас отбасының аяғынан тік тұрып кетуі үшін ененің де рөлі күшті екенін айтты. Апамыз ене мен келін қарым-қатынасына тоқталып, бала тәрбиелеудегі өз тәжірибесін бөлісті.

«Екі жастың ажырасуына енелер кінәлі болған жайтты естіп жатамыз. Ене жаңа түскен жас келінді жақын тартып, білмегенін ақылмен айтып, үйретіп, тәрбиелеп жіберсе, ондай мәселе туындамас еді деп ойлаймын. Келін – ол да біреудің мәпелеп, аялап өсірген баласы. Өзімнің құдай берген екі келінім бар. Екеуін де өз қызымдай көрдім. Әлі күнге дейін мамалап, жаны ашып тұрады. Сондықтан әр ене баласына еріп келген келінін бөтен көрмей, барынша бауырына тартып, көмек беруі керек.

Отбасын құрған екі жастың басты міндеті – балаларына дұрыс тәрбие беру. Кей ата-ана баласы шалыс басса, қай жерден қате жібердік деп ойланып отырады. «Бала берсең, сана бер» деген жақсы сөз бар. Бала саналы болса, ары қарай қалай болуын өзі де біледі. Бала-шағамызды асыраймыз деп шырылдап жұмыс істеп жүрсек те, жолдасым екеуіміз олардың тәрбиесін қалт жібермеуге тырыстық. Адамгершілік қасиет пен үлкенге, ата-анаға құрмет көрсету деген қағидаларды дұрыс сіңіре білу керек. 

Үйдің берекесі – әйел. Үйге қонақ келсе, дастарханын жайып, жылы қабақпен қарсы алса, міне, нағыз әйел. Жар таңдауда қыздарымыз «үйі жоқ, машинасы жоқ, түрі жаман» деп жатады. Олай ойлау қате. Бәрі бірден болмайды. Екеулеп бәріне қол жеткізуге болады», - дейді Сәбираш апа.

Сөз соңында қария барша жігіттер қауымына ақылын айтып, жастарға батасын берді.

«Жас жігіттерге, балаларыма айтарым, ақылды, саналы, төзімді болса екен деймін. Ер мінезді, қайсар, отбасының тірегі болатын жастарымыз, ұрпағымыз көп болса екен. Сол ұрпаққа біздің жолымызды берсін», - деп сөзін қорытындылады Зәкір ата. 

Әлеуметтік желіде танылған өнерлі жұп 

Ал келесі жұп – әлеуметтік желі арқылы жігіт пен қыздың негізгі міндеттерін жастарға көп насихаттап жүрген Заңғар мен Риза. Заңғар – биші, актерлік шеберліктен сабақ берсе, Риза – балет әртісі. 

«Жұп болғанымызға үш жарым жыл болды. Ортақ достарымыз арқылы таныстық. Алғашында жұп боламыз деген ой екеумізде де болмады. 

Заңғарды алғаш көргенде, өзіне тым сенімді жігіт екенін байқадым. Бастапқыда бұл жігітпен жолым тоғыса қоймас деген ой келді. Десе де, сыртына қарап тон пішуге болмайды екен. Ол кейін қамқор мінезімен, мейірімділігімен баурап алды», - дейді Риза.

Ал Заңғар Ризаны бір көргеннен ұнатып қалыпты. Жас жұптың Instagram желісінде 18 мың, Tik-Tok қосымшасында 125 мың оқырманы бар. Олар жүргізетін контенттің бір ерекшелігі – бірі таза қазақша сөйлесе, екіншісі орыс тілінде сөйлейді.

«Жұптық қарым-қатынасты желіде көрсету – алыстан келген жоспар емес. Өміріміздегі сәттерді жай ғана Tik-Tok желісіне салып жүрдік. Салғанымыз адамдарға ұнай бастады. Түрлі хат келіп жатты. Оларды оқыған соң жиірек сала бастадық. Алғашында қарым-қатынасымызды көпшілікке көрсетуге ұялдық. Адамдарға ұнағаннан кейін сол толқынмен алып кеттік.  

Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Кішкентай кезімнен орыс мектебін бітірдім және қазір Мәскеу қаласындағы хореографиялық академияда оқып жүрмін. Осының бәрі тілге әсер етпей қоймайды. Орыс тілінде ойымды жақсырақ жеткізуім мүмкін, бірақ қазақша еркін сөйлеймін. Адамдар біздің біріміз орысша, біріміз таза қазақша сөйлегенімізден ерекшелік көрген соң контентті сол форматта жалғастыра беруді жөн көрдік», - дейді Риза.

Қос ғашықтың қыз бен жігіт болып кездескеніне үш жылдан асқан. Жас жұп үйленуді жоспарлап жүргенін айтып, қарым-қатынаста өздері ұстанатын қағидаларға тоқталып өтті.

«Қарым-қатынас қиындықсыз болмайды. Қиындықты шешу үшін отырып сөйлесу керек. Мәселенің бас-аяғын шешіп алу қажет. Сөйлеспестен екі жаққа кете беруге болмайды. Меніңше, жастарға осы қасиет жетіспейді.  

Осы күнге дейін қарым-қатынас туралы кітап болмаса, курстарды оқып көрмеппіз. Біз ренжісіп қалсақ, арамызда түсініспеушілік болса, дәл сол сәтте мәселенің бетін ашып аламыз. Бір күн, бір сағатқа қалдырмаймыз. Сөйлесіп, бәрін ашып алуға тырысамыз. 

Қазіргі заманның адамдарына бір істі тастап, екіншісін бастай салу оңай болып кеткен сияқты. Бақытты отбасының арнайы сыры бар деп ойламаймыз. Қарым-қатынаста бір-бірін сыйлап, тыңдап, есту болатын болса және  жұптар сөйлесуден бас тартпаса, әр отбасы бақытты бола алады. 

Қозы Көрпеш – Баян сұлу мерекесін міндетті түрде атап өтеміз. Мерекенің  маңызы тереңде. Бұл жәй ғана мереке емес, қазақ халқының тарихына сүйене отырып бекітілген мейрам. Қазіргі жастарға шынайы махаббатқа сенуді тоқтатпаңыздар дегіміз келеді», - дейді жас жұп.

Мереке қарсаңында ғашықтарға Зәкір ата мен Сәбираш апайдың сезіміндей берік махаббат пен ұзақ отбасылық бақыт тілейміз.