Павлодар облысының шалғай ауылдарына көшіп келушілер саны көбейген

Автор: Azattyq Rýhy

Кей ауылдық округтерде бірнеше жыл ішінде алғаш рет көші-қонның оң нәтижесі тіркелді

Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар облысының шалғай ауылдарына көшіп келушілердің саны артқан. Мәселен, Успен ауданындағы Равнополь ауылдық округі бірнеше жыл ішінде алғаш рет көші-қонның оң сальдосына қол жеткізді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл қуанышты хабар аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың Успен ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болған.

«Константиновка ауылына қарайтын Равнополь ауылдық округінде бірнеше жыл ішінде алғаш рет көші-қонның оң нәтижесі тіркелді. Былтыр ол +65 адамды құраған. Өткен жылы мұнда 127 адам көшіп келген болса, тек 2022 жылдың бірінші тоқсанында  ауылға бес отбасы немесе 22 адам қоныстанды», - делінген баспасөз хабарламада.

Бұған ауылда қажетті әлеуметтік инфрақұрылымның яғни мектеп, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт, орталық су құбыры болуы да оң ықпал етеді. Өткен жылы мұнда 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, 24 пәтерлік үйді қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«Бұл жұмысқа жеке инвесторды тарту көзделеді. «КиТ» ШҚ жылу сорғыштар технологиясын қолдану арқылы осы жобаны қолға алуға дайын. Сонымен қатар, үйді жылыту үшін бар ұңғымаларды пайдалануға ниеттіміз. Бұл ешқандай отынды қажет етпейді. Бәрі гидродинамикалық компрессор негізінде жұмыс істейді. Ол жер астындағы суды 70 градусқа дейін жылытуға қауқарлы», - делінген хабарламада.

Облыс әкімі қызықты жобаны басқа елді мекендерде қолдану  перспективасын қолдауға шақырды.