«Қазақстан халқына» қорының есебінен тағы екі бала шетелде емделе алады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы қордың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды

Фото: «Қазақстан халқына» қоры

«Қазақстан халқына» қорының есебінен тағы екі сәби шетелде емделе алатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қордың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Қор кішкентай Мұсаның Оңтүстік Кореяға медициналық авиатасымалдау ақысын төлеп берді. Балақайдың туа біткен жүрек ақауының өте ауыр түрі диагнозы бар. Енді алты айлық Мұса Сұлташев ата-анасымен бірге Атырау облысынан Кореяның Сеул қаласындағы INCHEON SEJONG HOSPITAL медициналық мекемесіне тікелей арнайы рейспен аттанды.

«Ұшақпен сапар 12 сағатқа созылды, оңай болған жоқ, бірақ біздің кішкентай батыр шыдамды болды. Енді емді бастаймыз», - деді баланың әкесі Жалғас Сұлташев «Қазақстан халқына» қорына алғысын білдіре отырып.

Айта кетейік, кішкентай Мұсаның шетелде .емделу ақысын қайырымдылық ұйымдардың бірі толығымен өтеп, баланың ата-анасы «Қазақстан халқына» қорына медициналық транспорттау ақысын төлеуге өтініш білдірген.

Сондай-ақ Ақсай қаласынан келген кішкентай науқасқа Мәскеу қаласындағы «Академик В.И.Кулаков атындағы акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық медициналық ғылыми-зерттеу орталығы» Федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің клиникасында емделу курсына ақы төлеу туралы өтініш қанағаттандырылды. Бүгінде қыз бала ауыр операцияға дайындалып жатыр.