$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Парламентте қағазбастылық қысқара бастады – Айдос Сарым

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы қаулыға қол қойды

Парламентте қағазбастылық қысқара бастады – Айдос Сарым
фото: parlam.kz

Парламент депутаттары да ақырындап қағазбастылықтан айырылып келеді. Бұрындары том-том Заң жобасын парақтап отыратын халық қалаулары бүгінде цифрлық жүйеге ауысып жатыр. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, мұндай жаңашылдық бүгінгі Үкіметтің жылдамырақ жұмыс істеуіне сеп болмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы қаулыға қол қойды. Құжатта бюрократиялық режимнен айырылу үшін алдымен цифрландыру қағидаты көзделген.

«Бұл біраз уақыттан бері іске асып келе жатқан жоба. Әрбір әкімде, әрбір министрлікте цифрландыру саясатына жауап беретін адам бар. Олардың барлығын сәйкестендіру ол әрине Цифрлық даму министрлігінің жұмысы. Жалпы жүйенің тұралап қалуына – оның айналасындағы процедуралық немесе қағазбастылық сияқты мәселелер себеп болып жатады. Біздің оған әбден көзіміз жетті. Мәселен бұған дейін Парламент қабырғасында біздің әрқайсымызға таңертең барлық құжатты қағаз жүзінде әкеп беретін. Қарап тұрсақ, оның не қажеті бар?! Бәріміздің жұмысымызда компьютер, қалтамызда смартфонымыз бар. Егер де ұзақ зерттеуді қажет етпейтін дүниелер болса, оны электронды поштаға жібере салған дұрыс деп ойлаймын», - дейді Мәжіліс депутаты.

Бүгінде технология дамыған заманда Парламент отырысындағы қағаздар саны да қысқара бастаған екен.

«Парламенттің қазіргі ресурсы цифрлық жүйеде жұмыс істеуге толыққанды мүмкіндік береді. Бұған дейін палатаның отырысына барған кезде бүкіл қағаздарды алдымызға қойып қоятын. Қазір бізге «егер қажет десеңіз қағазды басып шығарып алыңыз, қажет емес болса, телефоннан немесе үстелдің үстіндегі ноутбуктан қарай беріңіз» деп айтады. Міне осындай ұсақ нәрселердің өзі жұмыстың дұрыс арнаға бұрылуына ықпал етеді. Мәселен жүзден астам депутат болса, әрқайсысына 1 қорап қағаздан кетеді десек, мұның өзі кәдімгідей шығын. Бұл қаражатты да үнемдеуге септігін тигізеді», - дейді Айдос Сарым.

Қағазбастылықтан айырылу тек экономикаға ғана емес, уақытты тиімді пайдалануға да ықпал етпек. Әсіресе қол қоюдан қолдары босамайтын басшылар үшін цифрлық жүйе оңтайлы тәсіл болмақ.

«Бізде бюрократиялық жүйе болғандықтан, әрбір құжатқа қол қою деген мәселе бар. Ол да уақыт алады. Кей заңдар 300 беттен тұруы мүмкін. Соны тиісті министрліктер Парламентке енгізу үшін әрбір бетіне қол қойып шығады. Құжатқа бірнеше министрлік қол қоятындықтан, олардың әрбірі жарты сағаттан қол қойып отыруы мүмкін. Себебі құжатқа олар бастарымен жауап береді. Сондықтан да бұл процесстің біраз уақытты алатыны белгілі. Сол уақыттың бәрін мемлекеттің және салық төлеушінің ақшасы деп есептейтін болсақ, онда қаражатты қажетсіз дүниеге жаратып отырмыз деген сөз. Бізге құжатқа қойылатын қолтаңба емес, ондағы мазмұн маңыздырақ», - дейді депутат.

Саясаттанушы халық үніне құлақ асатын мемлекеттік қалыптастыру үшін күрделі жүйеден тезірек  арылып, прагматизмдік тәсілдерді іске асыру керектігін айтады.

«Көптеген мәселелерді қарапайым қисынға салып шешуге болады. Өйткені өмірдің өзі осындай қарапайым қисыннан тұрады. Ал оны қосымша күрделендіру жүйенің тұралап қалуына әкеп соғады. Сондықтан да меніңше, мемлекеттік қызмет ең алдымен прагматикалық негізде жұмыс істеуі керек. Екіншіден өмірдің қиындығы мен күрделілігін ескеріп отыруы керек. Міне сонда ғана халық үніне құлақ асатын Үкімет қалыптасады және биліктің қабылдаған шешімдері халыққа түсінікті болады. Сондай-ақ, халықтың «Сендер қағаз тасығаннан басқа не бітіріп отырсыңдар» деген сияқты реніштері азаяды», - дейді Айдос Сарым.

Енді Премьер-Министр Кеңсесінде құжаттарды қарау мерзімі екі есеге қысқартылады. Бұл ретте мемлекеттік қызметкердің жұмысы арта түсуі бек мүмкін. Алайда Айдос Сарым мемлекетке қызмет етуге келген азамат кез келген қиындыққа төзе білу керектігін айтады.  

«Бұл норманы іске асыру үшін Заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Себебі бізде құқықтық-нормативтік актілер бойынша әр мемлекеттік органның құжаттарды қарау мерзімі мен рәсімі бекітілген. Бүгінде Үкіметте көп адам жұмыс істейді. Қазір біз күрделі заманға аяқ бастық: Украина мен Ресей арасындағы жағдай, санкциялар бар. Оның барлығы біздің экономикамызға соққы болып отыр. Сондықтан да мұндай уақытта бұрынғыша өмір сүру мүмкін емес. Мұндай кезеңде шешімдер тез қабылдануы керек. Оны айлап күтіп отыратын уақыт жоқ. Егер де азамат мемлекеттік қызметті таңдаса, ол кез келген қиындыққа дайын болуы тиіс және ережеге көндігуі қажет. Керек болса 12 сағат жұмыс істесін, бастысы жүктелген міндет өз уақытында орындалуы шарт», - дейді ол.

Мемлекет басшысының қол қойған бюрократиядан арылту туралы қаулысында мемлекеттік органдардағы жиындар мен кеңестер бейнеконференция аясында ұйымдастырылуы керектігі жазылған. Жалпы еліміздің мұндай тәжірибемен жұмыс істей бастағанына екі жылдай уақыт болды.

«Екі жыл бойы пандемия кезінде онлайн форматта жұмыс істедік. Тәжірибеміз бар. Сондықтан меніңше жиындарды онлайн форматта өткізуге біз 100 пайыз дайынбыз. Мұның да қаржыны үнемдеуде өз тиімділігі бар. Бұрын елордадағы жиындарға қатысу үшін арнайы билет алып, іс-сапар құжатын рәсімдейтін. Бұл да шығын. Ал қазір интернеттің арқасында бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты. Мұны орындауда ешқандай қиындық туындамайды деген ойдамын», - дейді Айдос Сарым.

Серіктес жаңалықтары