Павлодарда шөп шаппаған кәсіпкерлерден жалға берілген жер қайтарып алынады

Автор: Azattyq Rýhy

2020-2021 жылдары жалға алған жерлерінде уақытылы шөп шаппаған 5 кәсіпкерден жер қайтарып алынған

Фото: pavlodarnews.kz

Бұған орман өрті себеп болып отыр, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқарма басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев биыл орманға қауіп төндірген 30 дала өрті болғанын айтты.

«Оның ішінде 21 өрт Ертіс өзенінің алқабында болды. Көбінесе шаруа қожалықтарының ескі шөпті жағуы өрттің шығуына себеп болып жатады. Мұндай дала өрттерін сөндіру жергілікті әкімдіктердің және сол жерді пайдаланушылардың мойнында. Еріктілер мен өрт сөндіру бекеттерін пайдаланады. Ал біз сол даладағы өрт орманға өтпеуі үшін барып көмектесеміз», - деді Сағын Төлеутаев.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев биыл 7 орман өрті тіркелгенін және оның бәрі дала өртінен жалғасып келгенін атап өтті.

«Негізі Ертіс өзенінің алқабында құрғақ шөпті өртеуге тыйым салынған. Ал қырда шаруалар егер жалға алған жері орманмен шектессе, шөпті өртеуден бір тәулік бұрын орман қорғау қызметіне ескертуі тиіс. Ол шараға жауапты тұлғаны тағайындауы керек. Сондай-ақ өртейтін әр учаскесі 25 гектардан аспауы тиіс. Егер 100 гектары болса, 25 гектардан 4-ке бөлу керек. Өртеп болған соң 3 сағат бақылап, қайта тұтанбайтынына көз жеткізуі керек. Өртейтін аумағының шетінен 8 метр жер жыртуы тиіс. Өкінішке қарай, шаруалар кететін шығынды ойлап, бұл талапты орындамайды», - деді Руслан Төлепбаев.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов жалға алған жерлерін бақылай алмайтындардан жер қайтарып алынатынын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының қолданысындағы жерді не үшін өртейді? Оған мемлекет жалға жер берген. Ол шөпті шаппайды да көктемде жақсы шөп шығу үшін ескі шөпті өртейді. Біз енді монторинг жасаймыз. Әсіресе Ертіс алқабындағы жерлерді қатаң бақылаймыз. Сосын жерлерді заңға сәйкес қайтарып аламыз. Әрине бірден ала салмаймыз. Бірінші жыл ескертеміз. Егер ол шара қолданбаса, екінші жылы қайтарып аламыз. Ал даладағы өрт орманға ұласқан кәсіпкерлер жерді жалдау келесімшартының талаптарын бұзған болып есептеледі. Олар өз жерін бақыламаған. Сондықтан жері қайтарылады», - деді Мейрам Өтешов.

Мейрам Өтешовтің айтуынша, қай жерге кім жауапты екенін білу үшін жерді жалға алып отырғандардың тізімі орман қорғау қызметіне беріледі. Кейде шаруа қожалықтары өз жерінде өрт болып жатқанын білмейді. Сондай жағдайда ескертіліп, олар да өртті сөндіруге атсалысуы тиіс.

Айта кетейік, 2020-2021 жылдары жалға алған жерлерінде уақытылы шөп шаппаған 5 кәсіпкерден жер қайтарып алынған.