Қатерлі ісікке күдігі бар адамға МРТ мен КТ тегін жасалады
Жасыл дәліз арқылы диагноз қою мерзімі 28 күнге дейін қысқарады
Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдардың 59 пайызы – жұмысқа жарамды азаматтар. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС басқарма төрағасы Гүлнәр Жанғарашева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның айтуынша, 2021 жылы Қазақстанда қатерлі ісікке жаңадан шалдыққан 36 140 адам тіркеген.
«Олардың 59%-ы – жұмысқа жарамды жастағы адамдар. Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім әлемде көп, ал Қазақстанда онкологиялық аурудан қаза табатындар саны барлық өлім-жітім арасында үшінші орында тұр», - деді ол.
Жанғарашева ракты ерте анықтау өлім-жітімді азайтатынын еске сала отырып, қатерлі ісіктің алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.
Мәселен, халық арасында жиі кездесетін қатерлі ісікті ерте анықтау мақсатында емханалар әртүрлі жастағы адамдар үшін скринигтер жүргізеді. Сонымен қатар, жасыл дәліз концепциясы бойынша «қатерлі ісікке шалдықтым» деген күдігі бар азаматтар үшін толық диагностикадан өткізу уақыты 28 күнге азайған. Және қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін деген азаматтарға магниттік-резонансты томография мен компьютерлік томография тегін жасалады.