Ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы билікті жайылым жерлерін заңсыз беріп, жер конкурсында заң бұзушылық жасады деп айыптап отыр
Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Бозай ауылдық округінің тұрғындары соңғы он жылдан бері мал өрісінің тарылып бара жатқанын айтып, шағымданып келеді. Ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы билікті жайылым жерлерін заңсыз беріп, жер конкурсында заң бұзушылық жасады деп айыптап отыр.
МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ
Бозай ауылының тұрғыны Әкімжан Нұрсейітов көп жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. 2021 жылы мамырда Келес ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру» конкурсына үміткер ретінде қатысқан. Оның айтуынша, конкурста заң нормалары өрескел бұзылған.
«Күні бүгінге дейін осы мәселені шешу жолында бармаған жерім қалмады. Ауыл әкімінен бастап, облыстық әкімшілікке дейін арыздандым. Заңсыздық бар екенін көрсе де, шара қолданар емес. Ауыл әкімі заң нормаларын өрескел бұза отырып, жері бар шаруа қожалықтарына жер үстіне жер беріп отыр. Қазір қолымда 250-ге тарта мал басы бар. Оны жаятын жайылым қалмай брады. Бұл менің ғана емес, бүкіл ауылдың мәселесі. Ауылда отырған соң өзге табыс көзі жоқ. Он жылдан бері жайылым жер ала алмай келеміз. Ауыл әкіміне қанша мәрте айтқанымызбен, түсіністік танытпай отыр», - дейді ол.
Облыстық прокуратура мен облыстық жер қатынастары басқармасына шағымданған бозайлықтарға берілген ресми жауапта жер учаскесін жалға беру шарты біржақты бұзылғаны расталған. Аталған іс бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті де тексеру жүргізген.
Осыған байланысты комитет Келес ауданы әкімдігінің 27.05.2021 жылғы №152 санды қаулысы қосымшасының 8-бөлігін заңсыз деп тану, күшін жою және мемлекеттік тіркеуден алу бойынша сотқа талап арыз беру жұмыстарын жүргізуді сұраған.
«Ә.Нұрсейітовтың арызы негізінде 2021 жылдың маусым айында Келес ауданы әкімдігі мен Келес ауданының жер қатынастары бөлімі қызметінде жер заңдылықтарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу туралы» қағида талаптарының сақталмағаны анықталып, заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілген», - делінген комитет төрағасының орынбасары А.Алпамышов қайтарған ресми жауапта.
Алайда, кінәлі тараптардың жауапқа тартылуын былай қойғанда, аудандағы атқамінерлер заң бұзушылықты жоюға асығар емес.
«Заң бұзушылық анықталды, қаулы күшін жойсын деген нұсқама берілді. Енді соны орындауға келгенде жауапты орындар көз жұма қарайды. Мүмкін сыбайластық па, ол жағын түсінбей қалдық. Бір жылға таяу уақыт болды. Не аудан әкімі, не жер бөлімі, не облыстық жер инспекциясынан мардымды жауап ести алмадық. Шаруаны бір шетке жиып қойып, заңсыздықпен күресеміз деп бар уақытымыз сарп болды», - деп күйінді шаруа Әкімжан Нұрсейітов.
ЖАЙЫЛЫМ ҮШІН ЖАНЖАЛ
Түркістан облысы Келес ауданының Бозай ауылында шамамен 400-ге тарта отбасы тұрады. Тұрғындарға тиесілі 2 мыңнан астам ірі-қара мал және 20-30 мың көлемінде қой бар. Ал ауыл аймағындағы жайылым жер көлемі 60 мың гектардан асқанымен, ортақ жайылымның көлемі 1375 гектар ғана. Ауыл тұрғындарына тиесілі жайылым жерлердің саны 40%-ға да жетпейді.
Сондықтан болар, өңірде жайылым үшін жанжал жиі болып тұрады. Кімнен сұрасаңыз да әуелі жанына бататыны – мал жаятын жердің жоқтығы.
Өзін Серік Сапарбеков деп таныстырған тұрғынның айтуынша, биыл қолындағы он шақты бие түгел іш тастап кеткен. Малмен күн көріп отырған орта шаруа үшін бұл әжептәуір шығын.
«Жылқы өзге жерге түсіп кетсе, олар мотоциклмен қуады. Менің он шақты жылқым бар еді, жан-жақтан қуалай берген соң биыл құлын ала алмадық. Жер тықыр. Шаруашылық иелері жерін жағалай ор қазып тастаған. Мал қазылған шұңқырға түсіп өліп жатыр. Осыдан ауылда зардап шегіп отырған адам көп. Бірақ мәселесін айтуға қорқақтайды. Біздің ауылдың төңірегінің бәрін алып қойған. Малды ұзатып жаяйын десең жайғызбайды. Жанжал жылдан жылға өршіп бара жатыр. Жердің бәрі жеке адамдардың қолына кетіп қалған», - дейді Серік Сапарбаев.
ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚҰДЫҚ
Ал ауыл тұрғыны Зульфхар Нысанбаевтың айтуынша, жазға салым ауылда су мәселесі де қиындай түседі. Өйткені жалпыға ортақ жалғыз құдық бар.
Мұндай цементтен құйылған су сақтайтын бетон ыдыстар әр үйде бар. Орталықтағы құдықтан арнайы көлік жалдап, суды тасып ішіп отыр. Бетон ыдысқа 3-4 тонна су сияды, ол бір апта, он күн уақытқа жетеді.
«Бір бас сиырым бұзауымен зорығып өлген. Сиырдың құнын төлеген жоқ. Оны ешкім шеше алмайды, әкімшілігі бар, басқасы бар. Ауылда жалғыз артезиан құдығы бар. Адамның да, малдың да ішетіні – сол. Кейде бұзылып қалады, оны жөндейміз деп ауданнан келгенше талай мал кетті. Осындай мәселелерден кейін ауыл адамдарының арасында күнде ұрыс-керіс, дау-дамай болып жатыр. Көмектеріңізге өте зәруміз», - дейді ол.
Зульфхардың айтуынша, малды ауылдың сыртына 5 шақырым жерге дейін ғана ұзатып жаюға рұқсат етілген. Ал қажет болған жағдайда тұрғындардан қолдағы малын Сарығаш ауданына, я болмаса 70-80 шақырымдағы Келес ауданының базарына апарып, сатады.
«Оншақты жылдан бері айтылып келе жатыр. Биыл тіптен қиындап кетті. Жер тақыр, қуаңшылық болғандықтан жем-шөп жағы былтырдан бері қинап тұр», - дейді ол бізге берген сұхбатында.
«ЗАҢДЫ АТТАМАҒАН ӘКІМ»
Осылайша, Келес ауданында ауыл тұрғындары жайылымға арналған ауыл шаруашылығы жерлерін конкурсқа қою мәселесін әділ шешкісі келеді. Заңда шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы негізінде мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін конкурс негізінде беру көзделген.
Аталған мәселе жайында Бозай ауылдық округінің әкімі Марат Қошуақовтан сұрап көрген едік, өзгеше жауап естідік.
«2021 жылы конкурсқа төрт үміткер қатысып, осы жердегі біреуі қайта-қайта арызданып, сотқа барып жүргені рас. Заңды аттаған ештеңеміз жоқ. Жеңілгені рас, жеңіліп қалып арызданып жүргені де рас. Ауыл округінде жайылым жер тапшылығы білінеді. Елдімекеннің сыртында 5,5 гектар жеріміз бар. Қазір 1375 гектар жер қосылды. Жыл соңына дейін облыс әкімінің ауыл айналасындағы 15 мың гектар жерді елдімекен жайылымына қосу туралы үш жақты меморандумы бар, сол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ауыл әкімі.
КҮМӘНДІ ЖОЛМЕН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛГЕН ЖЕРЛЕР
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы жетекшісі Амангелді Қалыбектің айтуынша, Бозай ауылындағы жайылым жер мәселесі тек экономикалық тұрғыда емес, мемлекеттік басқару институттарының күйзелісте екенін көрсетіп отыр.
«Жайылым жерлерді жекешелендіру бойынша өткізілген конкурста өрескел қателіктер болған. Облыстық прокуратура мен жер комитеті ауыл тұрғындарының бұл шағымын мақұлдап, конкурсты қайта өткізу жөнінде шешім шығарған. Алайда, аудан басшылығы бұған құлақ аспай отыр. Аталған мәселе оң шешімін табуы үшін келешекте қатаң бақылауда ұстаймыз», - дейді Амангелді Қалыбек.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 14 сәуір күнгі №3-3/332 бұйрығы бойынша жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті нормасы бекітілген. Мал басына арналған жайылым алаңының нормасы – ірі қара мал үшін 15 гектар болса, ұсақ мүйізді малға 3,3 гектар. Филиал жетекшісі Амангелді Қалыбектің сөзінше, ауылдағы мал саны мен жайылым жер көлемінің арасы тым алшақ.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығын сай Бозай ауылындағы ортақ жайылым үшін 91 ірі қара немесе ұсақ мүйізді мал саны 416 бастан артпауы тиіс. Ал Бозай ауылында 2 мыңнан астам ірі қара, 20-30 мыңнан астам ұсақ мүйізді мал бар. Яғни, министрлік бекіткен стандарттан ауытқу тым үлкен. Мұнымен қоса, ауыл аймағындағы жекешелендірілген жайылым жерлер мен қараусыз жерлердің картасы белгісіз қалып отыр. Тұрғындардың айтуынша ауыл әкімшілігі қараусыз қалған бос жерлерді көрсетуден қашқақтайды. Соңғы 3 жыл көлемінде елдегі қуаңшылық салдарынан ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығының жағдайы ауыр. Себебі ортақ жайылым тым аз, малға азық жетіспейді. Ауылдағы жайылым жерлердің басым бөлігі күмәнді жолдармен жекешелендірілгені де жасырын емес», - дейді ол.
Жалпы, Қазақстанда елдімекендер маңындағы жерлердің басым көпшілігі ұзақ мерзімге сатылып кеткен немесе жалға берілген. Осының салдарынан мал жаюға арналған жайылым тапшылығы бір ғана Түркістан облысында ғана емес, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында да күн тәртібіндегі мәселеге айналды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, облыста Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңі басталып, соған сәйкес әуежай маңы абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал облыс қарамағындағы инфрақұрылымнан жұрдай шалғай өңірдегі ауыл тұрғындары әділдік ала алмай әлек болып келеді.