Түркістан облысында сібір жарасына қатысты тараған ақпарат шындыққа жанаспайды – департамент
Түлкібас ауданының екі тұрғынынан сібір жарасы анықталды

Түркістан облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті соңғы күндері «Whats App» мессенджері арқылы сібір жарасына қатысты таралып жатқан аудиожазбаның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Түркістан облысы Түлкібас ауданының екі тұрғынынан сібір жарасы анықталды. Қазіргі уақытта олардың біреуі Ақмола облысында, біреуі Түркістан облысында ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы бірқалыпты, жақында ауруханадан шығарылады», - делінген департамент хабарламасында.
Ал ауру малдың еті Түркістан облысына тиесілі емес, науқастардың айтуынша, олар етті Жамбыл облысынан сатып алып келген. Нақты кімнен және қай жерден сатып алғаны жөнінде тергеу-тексеру жұмыстарымен құзыретті органдар айналысып жатыр.
«Құрметті облыс тұрғындары! Ет және ет өнімдерін тек қана ветеринариялық анықтамасы бар сенімді жерлерден сатып алуға шақырамыз! Белгісіз азаматтар таратқан аудиожазбаларға сенбеуді сұраймыз!», - деді деп ескертті департамент өкілдері.