Қазір елдегі ақылы жолдардың жалпы ұзақтығы – 682 шақырым
Өткен жылы «Нұр-Сұлтан – Шучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» ақылы жолдарынан түскен қарды көлемі 5,4 млрд теңге. Ол қаражаттың 3,8 млрд теңгесі ақылы автомобиль жолдарын, 1,6 млрд теңгесі төлем алу жүйесін күтіп ұстау шараларына жұмсалды. Бұл ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялады.
Өткен жылы ақылы жолдардан түскен қаражат 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе көп. Себебі, 2018 жылы Қазақстанда бір ғана ақылы жол болды, ол «Нұр-Сұлтан – Шучинск» бағытындағы автобан. Жыл сайын бұл жолдан 1,5 млрд теңге түседі.
2019 жылдың желтоқсанында 11 мың шақырым жолда төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы Консорциуммен құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес, биыл қайта құрылымдаудан өткен 5,7 мың шақырымдық жол учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр. Қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін ақылы болады.
Жолдарды ақылы қылу арқылы сол жолдардың күтімі үшін бюджеттен қаражат бөлінбейді.