Түркістан облысында дәретхана үшін 29 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде әлі күнге дейін дәретханасы далада орналасқан мектептер бар

Фото: ratel.kz

Түркістан облысында 23 мектептің оқушылары әлі күнге дейін дәретханаға далаға барады. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде Сарыағаш ауданының 13 мектебінде, Мақтаарал ауданының 4, Отырар ауданының 2, сондай-ақ Төлеби, Бәйдібек аудандары мен Жетісай және Түркістан қалаларындағы мектептерде әжетхана далада орналасқандығы анықталған, деп хабарлады Otyrar.kz. 

«Өткен жылы санитарлық эпидемиялық бақылау басқармалары ерекше тәртіппен білім беру мекемелеріне жүргізген тексеру кезінде дәретханаларға қатысты денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық талаптарға сәйкес келмеген 23 мектепті анықтады. Кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға 230 аек көрсеткіште айыппұл, яғни 670 мың теңге айыппұл салынған», – деді Түркістан облыстық СЭБД баспасөз хатшысы Ардақ Берден. 

Тексеру кезінде дәретханалары сыртта орналасқан мектептерден бөлек, әжетханасы іште бола тұра санитарлық талапқа сай келмейтін білім ошағының лауазымды тұлғалары айыппұл арқалады.

Яғни, бірнеше мектепте қол жуғыш немесе басқа да қажетті құрал-жабдықтың болмауы, тазалық шараларының уақытылы жүргізілмеуі де назарға алынған. Жалпы 29 лауазымды азаматқа 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Айта кетейік, егер айыппұлды 1 апта көлемінде төлесе, көрсетілген қаржының тек жартысы өтеледі.