Педофилдердің Қазақстанға келуіне және азаматтық алуына тыйым салынады

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы таныстырылды

 

Фото: migrantnews.info

Мәжіліс депутаттары халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесі бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі.

«Заң жобасын қабылдау ҚР көші-қон саласындағы заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін заңнамалық тұрғыдан айқындауға мүмкіндік береді, себебі Кәсіпкерлік кодекспен бекітілген бақылауды жүзеге асыру тәртібі халық көші-қоны саласындағы тексерулерге қолданылмайды», - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» заңдарға шетел азаматтарын елімізге кіргізбеу туралы тармақтар қосылатынын айтты. 

«Мәселен шетел азаматының экстремизм-терроризмге қатысы бары немесе Қазақстанда экстремистік не террористік деп танылған ұйымға қатысы бары туралы мәлімет-деректер негізінде шетел азаматының елге кіруіне тыйым салынады және ұлттық қауіпсіздік органдарына тыйым салу себебін түсіндірме құқығын беру ұсынылады. Балаларды қылмыстық құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында кәмелетке толмаған балаларға сексуалды сипатта қылмыс жасағандарға Қазақстанға келуге өмір бойына тыйым салынады, Қазақстанда тұрақты мекендеуіне және Қазақстан азаматтығын алу туралы эмигранттық өтінішін қабылдауға да рұқсат берілмейді», - деді Мәжіліс депутаты.