Жыл басынан бері құрылыс саласында 600-ден астам заңбұзушылық тіркелді

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР ИИДМ басшысы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік объектілерде рұқсатсыз құрылыстың жиілеп кеткенін айтты

Фотобанк Freepik

Соңғы уақытта көпқабатты үйлер мен әлеуметтік объектілерде рұқсатсыз құрылыс жүргізу мәселелері жиілеп кетті. Өйткені, аталған кемшілік мемлекеттің және жалпы ел тұрғындарының ортақ мәселесі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Telegram-дағы каналында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство басшысының пайымдауынша, жыл басынан құрылыс нысандарында жалпы сомасы 169 млн теңгеден астам 615 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.

«Біз жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыстарын тұрақты негізде өз бақылауымызда ұстаймыз. Мәселен, Алматы қаласында тұрғын үй кешендерінің бірінде құрылыс жұмыстары заңсыз жүргізілген. Рұқсат беретін құжаттарды учаскенің меншік иесі де, құрылыс салушы да ұсынбаған. Құрылыс салушы пәтерлерді сатып алу-сату шарттарын жасасуға құқығы болмағанына қарамастан, аталған тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер еркін саудаланған. Тіпті, құрылыс салушының үлескерлерден ақша тартуына рұқсат берілмеген», – деді министр.

Осылайша, биыл 28 наурызда Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы кейбір ғимараттарда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру және анықталған кемшіліктерді түзету туралы ұсыныс берді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тоқтатылып, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң нормаларын бұзғаны үшін құрылыс салушыға қатысты хаттама толтырылған.

Министр сонымен бірге қаңтар-наурыз айларында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жауапты комитеті 32 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 26 нұсқама берілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, 18 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Ендігі кезекте ҚР ИИДМ мемлекеттік бақылау және объектілерді пайдалануға қабылдау жүйесін толығымен қайта қарайтын болады. Бұл ретте бақылау механизмін күшейту жоспарланып отыр. Оның ішінде, объектінің пайдалануға беру бойынша дайындығын растау үшін нысандарды қабылдау барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының міндетті қатысуы қамтамасыз етілетін болады», – деді Қ. Өскенбаев.