Робот адамдармен шағын әңгіме құрып, ойын ойнайды
Павлодарлық оқушылар көңіл күйді көтеретін робот-психолог құрастырды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатының 7-сынып оқушылары Амирали Алькенов пен Жахангир Балтабай робот-психолог жасап шығарды.
Роботты Торайғыров университетінде өтіп жатқан Сәтпаев оқуларында жұрт назарына ұсынды.
"Робот ең алдымен адамдарға психологиялық-моральдық тұрғыда көмектесуге арналған. Өйткені соңғы кезде балаларда психолгиялық мәселелер жиі туындайды. Мысалы, ата-анасын тыңдамау, достарымен, жақындарымен өзара түсініспеушілік орын алып жатады. Бұл моральдық құлдырауға әкеледі. Қазақстанда балалар арасында суицид өршіп тұр. Мұндай проблемалар көбіне түсініспеушіліктен болады. Басқа да мәселелерге әкеліп соғады. Өскен кезінде де проблема болып қалмас үшін бұл мәселені қазірден түзету керек", - деді жас өнертапқыштар.
Робот түс датчигімен және батырмамен жұмыс істейді және 5 түс тіркелген. Әр түс әртүрлі көңіл күйді білдіреді. Мысалы, қызыл – ашуланғанды, көк – көңіл-күйі жоқтығын көрсетеді.
"Кез келген адам өзінің қазіргі жағдайына сай түстегі таяқшаны әкеліп роботқа көрсетіп, батырманы басады. Мысалы, көңіл-күйі болмаса робот алдымен онымен әңгімелеседі. Роботқа сол сәтке арналған әңгімеге керекті сөздер жазылып қойылған. Сосын онымен ойын ойнайды. Мысалы, робот қашып, адам оны қуып жету керек болады. Қуып жеткенде батырманы басады", - деді оқушылар.
Жас шәкірттерде аталған роботты жасау идеясы 2020 жылы пайда болған. Содан бері іске кірісіп, уақыт өткен сайын жетілдіріп келеді.
Робот бүгінде лего ойыншық сияқты құрастырмалардан жасалған. Алдағы уақытта арнайы чип, микросхмеалар қойып, кәдімгі роботқа айналдыруды жоспарлап отыр.