$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанның астық өңдеушілер одағы: Қазақстанда ұн бағасы қымбаттауы мүмкін

Кейбір кәсіпорын жабылып қалған. Кейбірінде астық қоры аз

Қазақстанның астық өңдеушілер одағы: Қазақстанда ұн бағасы қымбаттауы мүмкін
Фото: dauletten.kz

Елдегі астық өңдеушілер дабыл қағып отыр. Себебі олар өңдейтін бидай тапшы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Кейбір кәсіпорын жабылып қалған. Кейбірінде астық қоры аз. Әрі кетсе 1-2 айға жетеді. Павлодарда диірменшілер жұмысын түгел тоқтатса, Қостанайда 50% ғана ұн шығарып жатыр. Қалғаны бидайсыз отыр. Сол себепті кәсіпкерлер «Атамекенге» жүгініп, мәселенің ушығып тұрғанын жеткізді.

«Соңғы болып жатқан жағдайларға байланысты, оның ішінде шектеулер, бағаның өсуі, бидай мен шығын материалдардың қымбаттауы бидай өңдеушілерді алаңдатып, Ұлттық палатаға жүгінді. Сондықтан бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігін шақырып, жан-жақты қарастырамыз», – деп бастады жиынды Ұлттық палата АӨК департаментінің директоры Ербол Есенеев.

Ресей бидай экспортын тоқтатты. Енді елдегі қымбат астық та жетпей жатыр. Ал ресми статистикада мұндай көрсеткіш жоқ.

Қазақстанның астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, мемлекеттік инспекция көрсеткен деректер мен астықты өңдеушілердің дерегі сәйкес келмейді. Кейбір өңірде тіпті бидай көлемі екі есе аз көрсетілген.

«Ресей арзан бидайын экспорттауды тоқтатқаннан кейін өзіміздің қымбат бидайға зар болып қалдық. Бидай жоқ. Диірмендер сол күйі тұр. Бірінші бидай қымбаттады, кейін сол қымбат бидайдың өзі тапшы болып қалды. Аймақтарда диірмендер әзірге қордағы Ресей бидайын өңдеп сатып жатыр. Бірақ ол ұзаққа бармайды. Дүрбелең пайда болады», – деп ескертті Евгений Ган.

Оның сөзін орынбасары Талғатбек Әлихан жалғастырып, астықты шетелге экспорттауға мүдделі тұлғалар барын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Талғатбек Әлихан астық өңдеушілердің атынан бірқатар ұсыныс айтты. Оның ішінде субсидия бөлу, астық экспорты кезінде қайтарымды ҚҚС мөлшерін арттыру бар.

«Астық өңдеушілердің несие алуына субсидия бөлуді ұсынамыз. Сонымен қатар астықты экспортқа шығарғанға субсидия бермей, өзіміздің өңдеушілерге өткізгенге субсидия беру керек; ҚҚС-ға қатысты. Астықты экспорттау кезінде қайтарымды ҚҚС 50 пайыз, ал ұнды экспорттағанда 100 пайыз болсын», – деді ол.

АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов астық өңдеушілердің уәжіне жауап берді.

Серіктес жаңалықтары