Ол өзіне ескерту жасаған қызға дөрекі жауап берген
Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Абдрахманов Алматыда балалар алаңқайына көлігін қойған келіншектің жазаланғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеруді Алматы қаласы ПД патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жүргізген.
«Видеодаға құқық бұзушы анықталды. 06.12.1986 жылы туған азаматша М., ҚРК 597-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
«Mitsubishi Outlander» маркалы автокөлігінің иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама: 06.04.2022 жылғы 227585230003659 толтырылды. Мұндай мінез-құлыққа жол берілмейтінін еске саламыз», - деді Рустам Абдрахманов.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде алматылық тұрғынның балалар алаңқайына көлігін қойып, өзіне ескерту жасаған қызға дөрекі жауап берген видеосы тараған болатын. Facebook және Instagram желісіндегі оқырмандар аталған видео астына құқық қорғау қызметкерлерін белгілеп, тәртіп бұзушының жазалануын талап еткен.